Өзбекстанда 5 миллион долларлық халықаралық стартап байқауы өтеді
2027 жылғы сәуірден бастап Өзбекстанда шетелдік стартаптарды тартуға бағытталған «Land of Startups» халықаралық байқауы ұйымдастырылады.
Жалпы инвестиция қоры 5 миллион АҚШ долларын құрайтын байқауда 25 стартап команда 200 мың долларға дейін инвестиция алу мүмкіндігіне ие болады.
Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 2026 жылғы 28 қазандағы қаулысына сәйкес, «Land of Startups» (Стартаптар мекені) халықаралық байқауы енгізілді. Мемлекет басшысының 2026 жылғы 11 ақпандағы қаулысының орындалуы аясында қолға алынған бұл бастама шетелдік технологиялық компанияларды елге тартуға, технологиялар трансферін жеделдетуге және Өзбекстанның өңірлік стартап хабы ретіндегі орнын нығайтуға бағытталған.
- «Land of Startups» арқылы біз шетелдік стартаптарды Өзбекстанға тартумен ғана шектелмей, олардың жергілікті нарыққа шығуына, жаңа серіктестер табуына және халықаралық деңгейде дамуына қажетті жағдай жасауды көздейміз. Бұл бастама еліміздің өңірлік стартап хабы ретіндегі орнын нығайтуға ықпал етеді, – дейді «IT Park Uzbekistan» бас директоры Азамат Караматов.
Инвестиция «IT Park Uzbekistan» дирекциясы жанындағы венчурлік қор тарапынан жобалар жан-жақты зерделенгеннен кейін бөлінеді.
Байқауға Өзбекстаннан тыс жерде тіркелген немесе жұмыс істейтін, үштен астам мүшесі бар халықаралық стартап командалары қатыса алады. Өтінімдер startupbase.uz платформасы арқылы 30 маусымға дейін тегін қабылданады.
Шілде айында халықаралық сарапшылар жобаларды бағалайды. Іріктеуден өткен командалар 20 тамыз бен 1 қараша аралығында өтетін «Soft Landing» бағдарламасына қатысып, Өзбекстан нарығына шығу, жергілікті серіктестермен байланыс орнату және өз бизнесін дамыту мүмкіндігіне ие болады.
Байқаудың қорытынды кезеңі – «Demo Day» шарасын 15 желтоқсанға дейін өткізу жоспарланған. Онда әлеуеті жоғары жобалар инвесторлар мен венчурлік қор өкілдеріне таныстырылады.
Бұл бастама халықаралық технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, елге жаңа инновациялық шешімдерді тартуға және Өзбекстанда бәсекеге қабілетті стартап экожүйесін қалыптастыруға бағытталған.