Өзбекстан Президенті Қытай Мемлекеттік кеңесінің Премьерімен кездесті
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 17 қазан күні Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян бастаған делегацияны қабылдады.
Кездесу басында жоғары мәртебелі мейман Мемлекет басшысына Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.
Тараптар жаңа дәуір жағдайында Өзбекстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелерін қарастырды.

Осы жылдың тамыз айында Бішкек қаласында Өзбекстан мен Қытай басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.

Парламенттер, үкіметтер, сыртқы саяси және салалық ведомстволар, өңірлер мен іскер топтар деңгейінде белсенді байланыстар жолға қойылғаны атап өтілді.

Өзбекстанның «Біртұтас Қытай» саясатын қолдайтыны және «үш зұлым күшке» қарсы күрес жөніндегі ұстанымы өзгеріссіз қалатыны расталды.
Тауар айналымы тұрақты өсіп келеді. Нақты уағдаластықтарға негізделген жобалар портфелі шамамен 60 миллиард долларға жетті, 6 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын құрылды. Қытайдан келетін туристер саны артып, кедейлікті қысқарту саласындағы тәжірибе алмасу белсенді жалғасуда.

«Жасыл» энергетика, химия өнеркәсібі, геология, автомобиль жасау, металлургия, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымды жаңғырту, бейбіт атом, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, жабдық өндіру және робототехника салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді.

«Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» стратегиялық теміржолының құрылысы қарқынды жалғасып жатқаны айтылды. Бұл жолдың іске қосылуы өңірдегі сауданы дамытуға және көлік байланысын нығайтуға тың серпін беретіні атап өтілді.
Келіссөздер барысында туризм, мәдениет және білім беру салаларындағы алмасуларды кеңейту мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Осы бағыттағы ынтымақтастық ауқымын ұлғайту үшін екі ел қалалары арасындағы әуе рейстерінің санын арттыру жоспарлары талқыланды.

Алдағы күндері Қытайда Өзбекстанның мәдениет күндері өткізіліп, екі ел аумағында мәдениет орталықтары ашылады.
Тараптар ШЫҰ, «Орталық Азия – Қытай» форматы және басқа да құрылымдар аясындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін де қарастырды.