Өзбекстан мен Вануату дипломатиялық байланыс орнатты
Өзбекстан мен Вануату арасында дипломатиялық қатынас орнатылды. Бұл туралы бірлескен коммюникеге 22 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында қол қойылды.
«Dunyo» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, құжатқа екі ел үкіметтерінің атынан Өзбекстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы тұрақты өкілі Ұлықбек Лапасов пен Вануатудың БҰҰ жанындағы миссиясының басшысы Одо Теви қол қойды.
Кездесуде халықаралық ұйымдар, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның мамандандырылған мекемелері аясындағы өзара ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы атап өтілген.
Бірлескен коммюникеге қол қойылуы Өзбекстанның Тынық мұхиты аймағындағы мемлекеттермен дипломатиялық байланыстарын кеңейту жолындағы кезекті қадамы болды.
Айта кетейік, 2026 жылғы 22 сәуірде Нью-Йоркте Өзбекстан мен Гвинея-Бисау арасында да дипломатиялық қатынас орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойылған болатын.