Өзбекстан мен Беларусь парламенттері ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады
Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева елімізге Өзбекстан – Беларусь парламентаралық форумына қатысу үшін келген Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Республика Кеңесінің Төрайымы Наталья Кочановамен кездесті.
Кездесуде Өзбекстан мен Беларусь арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты жүйелі дамыту, қалыптасқан байланыстарды одан әрі нығайту және екіжақты қарым-қатынастардың жаңа бағыттарын айқындау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Тараптар парламенттер арасындағы тұрақты әрі ашық диалогты жалғастырудың, мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруда парламенттердің рөлін күшейтудің маңызын атап өтті. Парламент комитеттері, парламентаралық ынтымақтастық топтары және өңірлер арасындағы тікелей байланыстарды жандандыру жөнінде пікір алмасты.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту кездесудің маңызды бағыттарының бірі болды. Ауыл шаруашылығы, машина жасау, фармацевтика, электротехника, тоқыма және басқа да басым салаларда бірлескен жобаларды көбейту, кәсіпкерлер арасындағы тікелей ынтымақтастықты кеңейту және өзара сауда көлемін ұлғайту үшін парламенттік дипломатияның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігі атап өтілді.

Осы тұрғыда парламенттер саяси диалогты дамытумен қатар, бизнес өкілдеріне жаңа мүмкіндіктер ашуға, инвестициялық және кооперациялық жобаларды қолдауға да белсенді қатысуы керектігі айтылды.
Кездесуде ұйымдасқан еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Азаматтарды заңды негізде жұмыспен қамту, олардың еңбек, медициналық және әлеуметтік құқықтарын сенімді қорғау жөніндегі ынтымақтастық тетіктерін одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды.
Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты жаңа мазмұнмен толықтыру, білім беру, денсаулық сақтау және туризм бағыттарындағы практикалық жобаларды кеңейту маңызды екені атап өтілді.
Атап айтқанда, мәдениет күндерін, ректорлар форумдары мен медициналық форумдарды тұрақты өткізу, жастардың қатысуымен бірлескен бастамаларды жүзеге асыру, сондай-ақ Өзбекстан мен Беларусь оқушылары арасында тікелей байланыс орнатуға бағытталған жаңа жобаларды қолдау қажеттігі айтылды.

Кездесу соңында Өзбекстан мен Беларусь парламенттері арасындағы ынтымақтастықты институционалдық тұрғыдан одан әрі нығайту, өңіраралық байланыстарды кеңейту, іскерлік бастамаларды қолдау және халықаралық парламенттік алаңдар аясындағы өзара іс-қимылды жандандыру жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.