Орталық Азия – Әзербайжан алғашқы саммиті Түркіменстанда өтеді
Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Әзербайжан мен Орталық Азия елдері басшыларының бейресми кездесуінде осындай мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, саммиттің күн тәртібінің жобасы әзірленіп, барлық қатысушы мемлекеттерге жолданған.
Мемлекет басшысы бұл жолы талқылауға ынтымақтастықтың бес негізгі бағыты таңдалғанын атап өтті. Атап айтқанда, бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу, өзара саяси және дипломатиялық ынтымақтастықты нығайту, энергетика саласындағы серіктестікті дамыту, сондай-ақ тұрақты көлік және логистика дәліздерін қалыптастыру мәселелері қарастырылады.
Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу, су ресурстарын ұтымды пайдалану және Арал теңізін қалпына келтіру бағытындағы күш-жігерді үйлестіруге арналған бірлескен шаралар да жоғары деңгейдегі кездесудің күн тәртібіне енгізілген.
Саммитте мәдени, білім беру және ғылыми байланыстарды дамыту, студенттер мен жастар алмасуын кеңейту мәселелерін талқылау да жоспарланып отыр.