НАТО штаб-пәтерінде Швеция туы көтерілді
Брюссельдегі НАТО штаб-пәтерінде елдің Солтүстік Атлантикалық альянсқа қосылу құрметіне Швецияның мемлекеттік туы көтерілді.
Туды көтеру рәсімі НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг, Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон және Швецияның мұрагер ханшайымы Викторияның қатысуымен өтті.
«Бұл тарихи күн, біз Швецияны НАТО-ға қош келдіңіздер дейміз. (...) Швецияның НАТО-ға мүше болуы бізді нығайтады» деген Столтенберг.
«Бүгін Швеция туын көтеру арқылы біз бірлік пен ынтымақтың біртұтас майданын ұсынамыз, біз бір-бірімізді қорғауға дайынбыз», - деп қосты ол.
Өз кезегінде Кристерссон НАТО-ға қосылу арқылы «Швеция көршілерімен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық үйіне оралды» деген.
Швецияның мемлекеттік әнұранын ойнаған әскери оркестрдің әуенімен НАТО әскерлері альянстың басқа мүшелерінің туларының жанындағы діңгектегі елдің туын көтерді.
Салтанатты шара НАТО әнұранының орындалуымен аяқталды.