Мемлекет басшысы Паркентте туризмді дамыту бойынша инвесторлар және кәсіпкерлермен кездесу өткізді
Президент Шавкат Мирзиёев Ташкент облысының Паркент ауданында құрылыс материалдары өндірісі мен туризмді дамыту мәселелеріне арналған инвесторлар және кәсіпкерлермен кездесу өткізді.
Кездесу «Кумушкон» махалласындағы «Олтин бел» туристік кешенінде өтті.
Мемлекет басшысы осыдан бір жыл бұрын аталған аумақта ірі туристік кешен салу жөнінде меже болғанын атап өтті. Жергілікті жобалаушылар, құрылысшылар мен өндірушілерге мүмкіндік берудің арқасында қысқа мерзімде 47 гектар аумақта заманауи демалыс орны бой көтерді.

Кешен бір мезгілде 6 мың адамға қызмет көрсетуге қауқарлы. Мұнда 600 жұмыс орнын ашу көзделген, 300 маман даярланған. Құрылыс пен жабдықтауға қажетті өнімдердің 95 пайызы жергілікті кәсіпорындардан алынуы жобаның өзіндік құнын 20 пайызға төмендетуге мүмкіндік берген.
Бұл тәжірибені басқа өңірлерде де кеңінен қолдану, құрылыс индустриясы мен туризмді бірін-бірі толықтырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын салаларға айналдыру қажеттігі айтылды.
Кездесуде алдымен құрылыс материалдары өнеркәсібінің жетістіктері мен әлеуеті жайлы сөз болды.

Кейінгі он жылда салаға 12 миллиард доллар инвестиция тартылып, 5 мыңнан астам заманауи кәсіпорын іске қосылды. Биыл өндіріс көлемі 2016 жылғы 7 триллион сумнан 65 триллион сумға, ал экспорт 75 миллион доллардан 1,5 миллиард долларға дейін жетеді деп күтілуде.
Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды құрылыс пен инвестициялық жобалар жергілікті өнімдерге үлкен сұраныс қалыптастыруда. Көршілес мемлекеттер мен жақын аймақтарда да отандық құрылыс материалдарына сұраныс жоғары.
Қосылған құны жоғары өнімдер өндірісін ұлғайту, жергілікті кәсіпорындардың сыртқы нарыққа шығуына қолдау көрсету және логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту арқылы алдағы жылдары сала экспортын 5 миллиард долларға жеткізуге болатыны айтылды.

Сонымен қатар өнім сапасын, дизайнын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды болып қала береді. Елімізде құрылыс материалдарының 161 түрі бойынша ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өндірістік қуат қалыптасқанымен, кейбір өнімдердің импорты жылына 780 миллион долларды құрайды.
Осыған байланысты ішкі нарықтың қажеттіліктерін терең зерделеп, заманауи технологиялар мен халықаралық брендтерді тарту арқылы жаңа өндіріс орындарын құру міндеті жүктелді. Бұл ретте Түркияның «Betek» компаниясымен Зангиата ауданында 30 миллион долларлық лак-бояу зауытын салу жұмыстары басталғаны атап өтілді.
Ірі стратегиялық жобаларды жергілікті құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мәселен, Жызақ облысында атом электр станциясын салу үшін 2,2 миллиард долларлық құрылыс материалдары қажет.

Осыған орай «Эгизбулоқ» махалласында 200 гектар аумақта арнайы индустриялық аймақ құрылып, 70 түрлі жаңа өнім шығару жоспарланып отыр. Жауапты тұлғаларға импортты алмастыратын және ірі жобаларда сұранысқа ие өнім түрлерін анықтап, жалпы құны 20 миллиард доллар болатын жобаларды іске асыруға кірісу тапсырылды.
Қосылған құны жоғары жаңа өнімдер өндірісін жолға қою үшін жеңілдетілген қаржы ресурстарын бөлу, кәсіпорындардың энергия үнемдейтін жабдық сатып алу шығындарын ішінара өтеу шаралары да қарастырылды.
Сәндік тастар өнеркәсібінде шикізатты терең өңдеу және өндіріс қалдықтарын тиімді пайдалану мүмкіндіктері талқыланды. Жаңа кен орындарын «нөлдік қалдық» қағидаты бойынша игеру, қолданыстағы кен орындарының маңында өңдеу кәсіпорындарын құру тапсырылды.

Мемлекет басшысы құрылыс құнын төмендету және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мәселелеріне де тоқталды. Кейбір өңірлерде бірдей нысандарды салу құнының айтарлықтай айырмашылығы бар екені, бұған делдалдардың көптігі мен жобалық-сметалық құжаттардың қайта-қайта өзгертілуі себеп болып отырғаны сынға алынды.
Келесі жылдан бастап бюджет есебінен жүргізілетін құрылыстарда бірінші кезекте жергілікті өнімдерді пайдалану талабы енгізіледі. Мемлекеттік сатып алу порталында жергілікті өндірушілерге арналған арнайы сауда алаңы ашылады.
Сондай-ақ, Жаңа Ташкентте құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпкерлерге жергілікті құрылыс материалдарын сатып алуға бағытталған 200 миллион долларлық несие желісі ашылады.

Құрылыс материалдарының сапасын бақылау және халықты қауіпті өнімдерден қорғау мақсатында Ташкент қаласында, Ферғана мен Самарқандта үш заманауи сынақ зертханасы ұйымдастырылады. Жобалау институттарын жаңғырту, құрылыс саласына озық технологияларды енгізу және бұл үдеріске жеке инвесторларды тарту міндеттері де белгілі болды.
Кездесудің келесі бөлігінде туризмді дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру және салаға инвестиция тарту мәселелері қаралды.
Жыл басынан бері елімізге 11,6 миллион шетелдік турист келді. Соңғы екі жылда алыс шетелдерден келетін туристердің елде болу мерзімі орта есеппен 6,5 күннен 8 күнге дейін ұзартылды. Төлем қабілеті жоғары туристердің үлесі 14 пайыздан 21 пайызға дейін өссе, бір туристің орташа шығыны 21 пайызға өсті.

Мемлекет басшысы туризм саласында ендігі басымдық туристер санын арттырумен қатар, қызмет көрсету сапасын жақсартуға, олардың елде ұзағырақ аялдап, көбірек шығын жұмсауына қолайлы жағдай жасауға бағытталуы керектігін атап өтті.
Ол үшін саладағы кәсіпкерлікті ынталандыру шаралары кеңейтілуде. Қонақүй құрылысына жеңілдетілген қаржы ресурстары бөлініп, жер және мүлік салығы бойынша жеңілдіктер 2030 жылға дейін ұзартылды. Туроператорлар мен туристік көлік қызметтеріне де қосымша жеңілдіктер енгізілді.
Жақын уақытта қабылданатын туризмді дамыту стратегиясы аясында шетелдік туристер санын 20 миллионға, саланың экономикадағы үлесін 7 пайызға, ал туристік қызметтер экспортын 10 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр.

Жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін өңірлерде қосымша 5 мың гектар жер дайындалады. Сонымен қатар, жалпы құны 11 миллиард доллар болатын туристік жобалар бойынша бір ай ішінде практикалық жұмыстарды бастау тапсырылды.
25-27 қараша күндері Ташкентте өтетін туризм саласындағы алғашқы халықаралық инвестициялық форум жаңа жобаларды ілгерілетуге мүмкіндік беретіні атап өтілді. Форумға 25-тен астам елден 100-ден аса ірі инвестор қатысады деп күтілуде. Өңір басшыларына форум аясында нақты инвестициялық келісімдерге қол жеткізу міндеті жүктелді.
Туристік нысандардың жыл бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сауда және ойын-сауық қызметтерін көбейту, қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалану қажеттігі айтылды.

Өңірлердегі конгресс орталықтары, қонақүйлер мен туристік кешендерде ірі халықаралық іс-шараларды тұрақты өткізуге де ерекше назар аударылды. Бұдан былай әр министр өз саласы бойынша халықаралық ұйымдардың жылына кемінде 3-4 ірі іс-шарасын елімізде өткізуге жауапты болады. Үкіметке осы бағыттағы екі жылдық жоспарды бекіту тапсырылды.
Туризмнің жаңа бағыттарын дамыту аясында әуе шарлары, параплан және дельтаплан қызметтерін ұйымдастыру мүмкіндіктері талқыланды. Мұндай қызмет түрлеріне рұқсат алу тәртібін жеңілдету және келесі жылы әр өңірде кемінде бір осындай қызмет көрсету орнын ашу міндеті айқын болды.
Туристік бағыттарға қатынайтын көлік қозғалысын саяхатшылардың сұранысына бейімдеу мәселесіне де назар аударылды. Кейбір бағыттарда пойыздардың жүру және қайту уақыты туристердің өңірді толық аралап, танысуына мүмкіндік бермейтіні айтылды. Жауапты тұлғаларға бір ай ішінде теміржол және ішкі әуе рейстерінің кестесін қайта қарау тапсырылды.
Халықаралық әуе қатынасының географиясын кеңейту де маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Қазіргі уақытта Өзбекстаннан әлемнің 102 қаласына тікелей рейстер қатынайды. Шетелдік авиакомпанияларды жаңа бағыттарға тарту, соның ішінде «бесінші әуе еркіндігі» мүмкіндігін пайдалану жөнінде тапсырма берілді.
Сонымен қатар, туристерге қолайлы төлем қызметтерін ұсыну, халықаралық төлем жүйелерімен интеграцияны кеңейту және туристік нысандарда көшпелі сауда орындарын көбейту шаралары нақтыланды.
Мемлекет басшысы туризм саласында аянбай еңбек етіп жүрген мамандарды ынталандыру мәселесіне де тоқталды. «Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген туризм қызметкері» құрметті атағын енгізу аясында сала дамуына елеулі үлес қосқан мамандарды Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында марапаттау ұсынылды.
Кездесу соңында Президент Шавкат Мирзиёев инвесторлар мен кәсіпкерлермен ашық диалог өткізіп, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады.
Осылайша, Мемлекет басшысы Паркент ауданына сапарын аяқтап, Ташкентке қайтып оралды.