Мемлекет басшысы Оман, Иордания және Түркиямен арадағы уағдаластықтарды іске асыру жөнінде жиын өткізді
Президент Шавкат Мирзиёев шетелдік сапарлар қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру, сондай-ақ 2027 жылы елімізде өтетін ірі халықаралық іс-шараларға дайындық мәселелері жөнінде жиын өткізді.
16–17 қараша күндері Оман Сұлтандығына және 23–24 қараша күндері Иордания Хашимит Корольдігіне жасалған мемлекеттік сапарлар Өзбекстанның осы елдермен қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерді. Жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысы бойынша стратегиялық серіктестік туралы келісімдерге қол қойылып, ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа бағытталған ауқымды практикалық күн тәртібі қалыптастырылды.

Оманға мемлекеттік сапар аясында 30-дан астам екіжақты құжатқа қол қойылып, құны 5 миллиард доллар болатын бірлескен жобалар портфелі жасақталды. Өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу межесі көзделген.
Энергетика, электротехника, химия және тау-кен өнеркәсібі, қала құрылысы, ауыл шаруашылығы, қаржы және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары айқындалды.

Ал Иорданияға мемлекеттік сапар барысында екіжақты 19 құжат қабылданып, қол қойылды. Олардың ішінде Жеңілдетілген сауда туралы келісімнің маңызы ерекше. Оны жүзеге асыру өзара тауар айналымын 500 миллион долларға жеткізуге мүмкіндік береді.
Тоқыма кәсіпорындарын ашу, маңызды минералдарды игеру, фармацевтикалық өнімдер өндірісін жергіліктендіру, минералды тыңайтқыштар өндіру және агроөнеркәсіптік кластерлер құру жөнінде бірлескен жобалар жоспарланған.

Жиында Түркиямен қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысы да жан-жақты қаралды.
Биыл қаңтар айында Мемлекет басшысының Анкара қаласына ресми сапары және Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің төртінші отырысының қорытындысы бойынша кең ауқымды стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетудің негізгі бағыттары айқындалған болатын. Өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізу, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту және өңіраралық байланыстарды жандандыру міндеттері жүктелді.
Осы келісімдерді жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам ретінде биыл қазан айында Анкарада екі ел басшыларының келіссөздерінің қорытындысы бойынша Өзбекстан – Түркия бизнесін қолдау жөніндегі жоғары деңгейдегі кеңес құрылды.
19 қараша күні Ташкент қаласында Түркияның 150-ден астам компаниясының өкілдері қатысқан кеңестің алғашқы отырысы аясында жалпы құны 11,2 миллиард доллар болатын инвестициялық және сауда келісімдеріне қол жеткізілді.
Құс шаруашылығы мен бау-бақша, денсаулық сақтау, фармацевтика, қала құрылысы, геология және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге де қосымша мүмкіндіктер бар.
Жиында қол қойылған құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды жедел әзірлеу, оларды қаржыландыру көздерін айқындау және қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жөніндегі кезек күттірмейтін міндеттер белгілі болды.
Әрбір ел бойынша нақты шаралар, оларды жүзеге асыру мерзімі мен жауапты орындаушылар көрсетілген кешенді «жол карталарын» әзірлеу қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар туризм, білім, ғылым және мәдениет салаларындағы келісімдерді жүзеге асыру, тікелей әуе қатынастарын және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту маңызды екені айтылды.
Министрліктер, салалар мен өңір басшыларына шетелдік серіктестермен тұрақты диалог орнату, бірлескен жобалардың жүзеге асуына жүйелі қолдау көрсету және туындаған мәселелерді жедел шешу тапсырылды.
Жиында жыл басынан бері жүзеге асырылған басқа да шетелдік сапарлар мен жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысы қаралды.
Сонымен қатар, 2027 жылы өтетін ірі халықаралық іс-шараларға дайындық мәселесі талқыланды. Олардың күн тәртібін мазмұнды қалыптастыруға, көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған бастамалар мен ұсыныстар әзірлеуге ерекше назар аударылды.
Жауапты мекемелерге іс-шараларға мазмұндық және ұйымдастырушылық тұрғыдан дайындықтың барлық бағыты бойынша үйлесімді жұмыс жүргізу, шетелдік серіктестермен қажетті консультациялар өткізу және алдағы жиындарды жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін барлық жағдайды жасау тапсырылды.
Отырыста электротехника өнеркәсібін одан әрі дамытудың негізгі міндеттері де қаралды.
2030 жылға дейін саладағы өндіріс көлемін 130 триллион сумға, экспортты 5 миллиард долларға жеткізу, құны 11 миллиард доллардан асатын инвестициялық жобалар портфелін қалыптастыру көзделген. 2027–2029 жылдары алты перспективалы бағыт бойынша 164 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Заманауи технологияларды кеңінен қолдану, жергілікті шикізатты терең өңдеу, өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыру, отандық өндірушілердің жаһандық жеткізу тізбектеріндегі орнын нығайту және ұлттық брендтерді сыртқы нарықтарға шығару мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жоғары білікті мамандар даярлау, соның ішінде «Мың инженер-конструктор» бағдарламасын жүзеге асыру саланы одан әрі дамытудың маңызды факторына айналады.