Мемлекет басшысы гидроэнергетика саласындағы жобаларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруды тапсырды
Президент Шавкат Мирзиёев гидроэнергетика саласын одан әрі дамытуға бағытталған шаралар бойынша тұсаукесермен танысты.
Өзбекстанда 150 мың шақырымнан астам өзендер, сайлар мен каналдар бар. Бұл ресурстар тек ауыз су мен суару үшін ғана емес, сондай-ақ энергетика, экономика және экология тұрғысынан да стратегиялық маңызға ие.

Қазіргі таңда электр энергиясын өндірудің негізгі бөлігі табиғи газ бен көмірге тәуелді. Ал гидроэнергияның үлесі шамамен 10–12 пайызды құрайды. Сондықтан гидроэнергетиканы дамыту энергетикалық жүйені тұрақтандыруда, отын ресурстарына тәуелділікті азайтуда және су ресурстарын тиімді пайдалануда маңызды рөл атқарады.
Кейінгі жылдары салада елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. 2017 жылы 36 болған су электр станцияларының саны 2025 жылы 100-ге жетті. Олардың жалпы қуаты 1,6 гигаваттан 2,4 гигаватқа дейін өсті.
Орталық Азияда теңдесі жоқ гидроагрегат және технологиялық жабдықтар өндіретін «UzHydroPower» зауыты құрылды. Өткен жылы іске қосылған Нарын ГЭС-тер каскадының бірінші кезеңі алғаш рет «ұлттық жоба» моделі негізінде жүзеге асырылып, барлық жұмыстар толықтай жергілікті кәсіпорындар күшімен орындалды.

Сонымен қатар, елдің гидроэнергетикалық әлеуетінің едәуір бөлігі әлі де толық игерілмегені атап өтілді. Халық саны мен экономиканың өсуіне байланысты электр энергиясына сұраныс артып келе жатқанын ескере отырып, бұл әлеуетті толық пайдалану, әрбір өзен, сай және канал мүмкіндіктерін іске қосу, жаңа қуат көздерін жедел енгізу қажеттігі айтылды.
Таныстырылымда 2026–2032 жылдары жалпы құны 5,8 миллиард долларды құрайтын 73 перспективалы жобаны жүзеге асыруға арналған жоспарлар қарастырылды. Соның нәтижесінде қосымша 3,6 гигаватт қуат іске қосылады деп күтілуде.
Биыл 13 су электр станциясын пайдалануға беру жоспарланған. Олардың жалпы қуаты 114 мегаватт, ал жылдық өндіріс көлемі 537 миллион киловатт-сағат болады. Бұл жобалар аясында 254 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар Бостандық ауданында 28 миллион долларлық грант есебінен қуаты 20 мегаватт болатын жел электр станциясы салынып жатыр.

Ірі жобалардың қатарында Бостандық ауданында орналасқан Жоғары Пскем ГЭС-інің құрылысы ерекше маңызға ие. Құны 365 миллион долларды құрайтын бұл жобаның қуаты 160 мегаватт, жылдық өндіріс көлемі 484 миллион киловатт-сағат болады. Бұл 161 мың үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобада жергілікті компоненттердің үлесі 82 пайызды құрайды.
Ферғана облысының «Сух» ауданында «ұлттық жоба» қағидаты негізінде «Сух» ГЭС-ін салу жоспарланып отыр. Қуаты 15 мегаватт болатын бұл станция жылына 50 миллион киловатт-сағат электр энергиясын өндіріп, ауданның электр қажеттілігінің 71 пайызын тұрақты қамтамасыз етеді.
«Жоғары Тупаланг» өңірінің гидроэнергетикалық әлеуеті де қарастырылды. «Тупаланг» су қоймасына құятын өзендер мен сайларда 42 шағын ГЭС салу арқылы 541 мегаватт қуат көзін қалыптастырып, жылына шамамен 1,9 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіруге мүмкіндік бар.
Әлемдік тәжірибеде гидроаккумуляциялық электр станцияларын салу арқылы энергияны сақтау және қайта бөлу жүйелері кеңінен енгізіліп жатқаны атап өтілді. Осыған байланысты елімізде де алғаш рет жалпы қуаты 1,4 гигаватт болатын 3 осындай станция салу мүмкіндіктері қарастырылуда.
Сондай-ақ жалпы қуаты 164 мегаватт болатын 2983 шағын және микро ГЭС салу жоспарлары талқыланды.
Цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу де саланың тиімділігін арттырудың маңызды бағыты ретінде белгіленді. Су қоймалары мен гидротехникалық нысандарда су деңгейін, көлемін, қысымды, метеодеректерді және өндірістік процестерді онлайн бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық мониторинг жүйелері кезең-кезеңімен енгізіледі. Қазіргі уақытта су қоймаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 3,5 мың бақылау-өлшеу құрылғысы орнатылған.
Мемлекет басшысы гидроэнергетика саласындағы жобаларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру, жергіліктендіру деңгейін арттыру бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Таныстырылымда сондай-ақ Ташкент қаласы аумағындағы өзендер мен каналдардың жағалауларын абаттандыру, қалада салқын микроклимат қалыптастыру мақсатында жасанды көлдер мен су айдындарын салу жөніндегі жұмыстар туралы ақпарат берілді.
Атап айтқанда, Шыршық өзенінің Ташкент қаласы аумағынан өтетін 16 шақырым бөлігін абаттандыру арқылы 306 гектар жерде «Дарё бойи» («Өзен жағалауы») жобасын жүзеге асыру жоспарланған.
Жоба аясында өзен жағалауларын нығайту, жасыл аймақтар құру, сауда және қызмет көрсету нысандарын орналастыру жұмыстары жүргізіледі. Бектемір каналы бойында 187,3 гектар аумақта «жасыл белдеу» қалыптастырылып, демалыс орындары салынады. Жаяу жүргіншілер мен веложолдар, ішкі жолдар, жарықтандыру жүйелері және көпірлер салынады.
Ташкент қаласында 4 жасанды көл мен су айдынын құру жобасы да ұсынылды. Мемлекет басшысы қалада қолайлы жағдай жасау және салқын микроклимат қалыптастыру үшін бұл жеткіліксіз екенін атап өтіп, көлдер санын 12-ге дейін арттыруды тапсырды.