Лихтенштейн княздігі тақ мұрагерлігі ережелерін өзгертті
Лихтенштейн князь әулеті тақ мұрагерлігін тек ер адамдарға беруді көздейтін ережеден бас тартты. Енді князьдік ерлер примогенитурасынан, яғни тақтың әкеден тұңғыш ұлға мұраға қалу қағидатынан абсолютті примогенитураға көшеді. Осылайша жынысына қарамастан, әулеттің тұңғыш перзенті тақ мұрагері бола алады.
Бұл туралы 15 тамызда жарияланған князь әулетінің ресми баспасөз хабарламасында айтылған.
Өзгерістер әулет мүшелерінің үштен екісінен астамының қолдауымен қабылданған. Жаңа ереже тек тақ мұрагері князь Алоис пен оның жұбайы Софияның ұрпақтарына және олардың болашақ ұрпақтарына қатысты болады. Қазіргі таңда олардың төрт баласы бар.
Алоис 20 жылдан астам уақыттан бері мемлекет басшысының міндетін атқарып келеді. Алайда ресми түрде елдің билеушісі оның әкесі – князь Ханс-Адам II саналады. Ол 2004 жылы өкілеттіктерінің басым бөлігін тұңғыш ұлына тапсырған.
Енді тақ мұрагерлігі жынысқа емес, тек дүниеге келу ретіне байланысты анықталады. Яғни тұңғыш перзент ұл немесе қыз болғанына қарамастан, таққа мұрагерлік етеді. Сонымен қатар әйелдер князь әулеті ішіндегі шешімдер қабылдау үдерісіне ерлермен тең дәрежеде қатысу құқығына ие болады.
«Заңға енгізілген бұл өзгеріс арқылы біз Лихтенштейн князьдігін де, князь әулетін де осы міндетті атқаруға ең жақсы дайындалған адамның басқаруын қамтамасыз еткіміз келеді», – деп түсіндірді тақ мұрагері князь Алоис.
«Lie24» басылымының жазуынша, бұл реформа князь әулеті ішінде ұзақ уақыт бойы жүргізілген талқылаулардың нәтижесінде қабылданған.
Аумағы шағын, халқы шамамен 40 мың адам болатын Лихтенштейн Еуропаның өзге елдерімен салыстырғанда консервативті мемлекеттердің бірі саналады. Мәселен, елде әйелдер дауыс беру құқығына салыстырмалы түрде кеш – тек 1984 жылы ие болды. Ал өткен жылы үкімет басшысы қызметіне алғаш рет әйел адам – заңгер Бриггита Хаас сайланды.