Конгода Эболадан өлім-жітім деңгейі 46 пайызға жетті
Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола індетінің қазіргі өршуі ел тарихындағы адам өлімі бойынша ең ауқымды эпидемияға айналды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, аурудан 2 325 адам қайтыс болып, расталған жұқтыру жағдайларының саны 4 945-ке жетті.
Конго Демократиялық Республикасының денсаулық сақтау органдары 16 тамызда жариялаған мәліметке сәйкес, қазіргі Эбола өршуі кезінде қайтыс болғандар саны елде бұған дейін тіркелген барлық эпидемиялардағы көрсеткіштен асып түскен.
Қазіргі таңда вирус жұқтырған 4 945 адамның диагнозы зертханалық жолмен расталған. Олардың 2 325-і қайтыс болған. Осылайша, өлім-жітім деңгейі шамамен 46 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш аурудың бұрынғы кезеңдерімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.
Қазіргі індет 2018–2020 жылдары Конго Демократиялық Республикасының шығысында болған Эбола эпидемиясының көрсеткіштерінен де асып түсті. Ол кезде 3 481 жағдай тіркеліп, 2 299 адам қайтыс болған еді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазіргі өршуге Эбола вирусының сирек кездесетін «Bundibugyo» түрі себеп болып отыр. Бұл вирусқа қарсы әзірге мақұлданған вакцина немесе арнайы емдеу әдісі жоқ.
Мамандар өлім-жітімнің жоғары болуы вирустың бұрынғыдан қауіпті бола түскенін білдірмейтінін атап өтеді. Негізгі себептердің қатарында науқастарды кеш анықтау, медициналық көмекке қолжетімділіктің шектеулі болуы және эпидемиологиялық бақылаудағы қиындықтар бар.
Қазіргі өршу 15 мамырда ресми түрде жарияланған. Індет елдің алты провинциясына таралып, ең көп жағдай Итури провинциясында тіркеліп отыр.