Жызақта автокөлік өндірісін кеңейтуге 68,4 миллион доллар инвестиция салынбақ
Заманауи автокөлік өндірісінің қуаты тек конвейерден шыққан көліктердің санымен ғана емес, ондағы жергілікті құрамдас бөлшектердің үлесімен де өлшенеді. Бүгінде Жызақ өңірінде бұл бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар өнеркәсіптің дамуына серпін беріп, өңірдің экономикалық әлеуетін еселеп келеді.
Қазіргі таңда Жызақтағы автомобиль жасау саласы сапалы жаңа кезеңге қадам басты. Шетелдік инвестициялар, озық технологиялар мен отандық кәсіпкерлердің мүмкіндіктері тоғысып, тек дайын көлік шығарумен ғана шектелмей, оған қажетті бөлшектерді де өзімізде өндіруге бағытталған біртұтас өнеркәсіптік тізбек қалыптасуда. Бұл үдерісте жергілікті кәсіпорындардың рөлі артып, жауапкершілік жүгі де салмақтана түсті.

Бүгінде облыста BYD, KIA, Chery, Haval, Truck and Bus сынды әлемге әйгілі халықаралық брендтердің өндірісі жолға қойылған. Бұл Жызақ өнеркәсібінің жаһандық нарық жүйесіне тереңірек еніп, жаңа серіктестік көпірлерін орнатуына және өнімді жергіліктендіру ауқымын кеңейтуге зор мүмкіндік беруде.
Алға қойылған жоспарлар да аз емес. Мәселен, 2026 жылы «ADM Jizzakh» пен «BYD Uzbekistan Factory» компаниялары өндірісті одан әрі кеңейту үшін жалпы сомасы 68,4 миллион доллар инвестиция бағыттауды көздеп отыр. Осы маңызды бастама аясында 23 кәсіпорынның жұмысын іске қосу, оның ішінде жергілікті кәсіпкерлермен кооперация орнату арқылы 6 жаңа өндіріс орнын ашу және 54 түрлі автобөлшекті өзімізде шығару межеленіп отыр. Мұның артында жаңа өндірістік тізбектер, кәсіпкерлікті өркендету және өнеркәсіптік әріптестікті нығайту міндеттері тұр.


Айта кетейік, «ADM Jizzakh» ЖШС базасында Lada және Renault автомобильдерін жергіліктендіру жобасына 64 миллион доллар қаржы игерілген болатын. Жалпы алғанда, Корея Республикасы және Қытаймен ынтымақтастық шеңберінде құны 400 миллион долларға жететін инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, KIA, Chery және Haval брендтерінің 15-тен астам жеңіл автокөлік моделі өндірілуде.
Бүгінде басты назар тек дайын көлік құрастыруға ғана емес, оның маңызды буыны — қосалқы бөлшектер өндірісін дамытуға қадалып отыр. Қазірдің өзінде пластик бөлшектер, орындықтар, электр сымдары, шанақ бөлшектеріне арналған штамптар шығару бойынша 10-нан астам жоба жүзеге асырылуда. Бұл сырттан келетін импорт тәуелділігін айтарлықтай азайтып, отандық өнімнің үлесін арттыру жолындағы нақты қадам.
Мәселен, Жызақ қаласындағы «Jinting Automobile Electric» кәсіпорнында жеңіл көліктерге арналған электр сымдарын шығару жолға қойылды. Жылдық қуаты 210 мың дана өнімге шақталған бұл зауытта 250 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал Өзбекстан мен Оңтүстік Кореяның бірлескен «ADMC DASAN» кәсіпорны көліктердің ішкі және сыртқы бөлшектеріне қажетті пластик өнімдерін өндіре бастады. Жылына 50 миллион дана өнім шығаруға қауқарлы бұл нысанда тағы 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.


Мұндай көрсеткіштер сырттай қарағанда құрғақ цифрлар болып көрінуі мүмкін. Алайда олардың артында жаңа мамандықтар мен озық дағдыларды меңгеріп жатқан жүздеген азамат, қанат жайған кәсіпкерлік пен өңірдің берік өнеркәсіптік іргетасы тұр.
Ең бастысы, Жызақта автокөлік жасау саласының төңірегінде бір-бірімен тығыз байланысқан тұтас кәсіпорындар жүйесі қалыптасып келеді. Отандық өндірушілердің халықаралық жеткізу тізбектеріне қосылып, бәсекеге қабілетті өнім ұсынуы өңір болашағының берік кепілі болмақ.