Жапон компаниясы Өзбекстанның IT нарығына инвестиция салуды көздеп отыр
Жапонияның ірі сауда корпорацияларының бірі – «Itochu Corporation» компаниясы Өзбекстанның IT нарығына инвестиция салуды көздеп отыр. Осыған байланысты Цифрлық технологиялар министрлігінде «Itochu Corporation» компаниясының өкілдерімен кездесу өтті.
Министрлік мәліметінше, кездесу барысында Өзбекстанның IT нарығына инвестиция тарту және өзара ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланып, компанияның Өзбекстанның авиация өнеркәсібіне қатысты BPO және KPO қызметтерін IT Park Uzbekistan резиденті ретінде жүзеге асыру мүмкіндіктері жөнінде келіссөздер жүргізілді.
«Шетелдік компаниялар үшін елімізде «One Stop Shop» қағидаты негізінде қолайлы жағдайлар жасалғаны жайлы мәлімет берілді. Атап айтқанда, кәсіпорындарды тіркеу, кеңсе табу және білікті мамандарды тарту мәселелерінде тікелей көмек көрсетіліп жатқаны айтылды», делінген хабарламада.

Бүгінде IT Park-тың 3500-ден астам резидентінің шамамен 1000-ы шетелдік капитал негізінде қызмет атқарады. Соңғы бір жыл ішінде 27 жапон компаниясы осы мәртебеге ие болған.
«Кездесу барысында Жапонияда IT мамандарының тапшылығын азайту мақсатында Өзбекстан жастарын даярлау жөнінде қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумның (MoU) маңызды екені айтылып, жалпы алғанда Жапония Өзбекстан үшін стратегиялық серіктес екеніне назар аударылды», деп атап өткен министрлік.

Сонымен қатар Қарақалпақстан Республикасы аумағында дата-орталықтар мен жасанды интеллект жобалары үшін ұсынылған арнайы жеңілдіктер туралы ақпарат беріліп, инвесторлар қатарына жапон компаниялары да шақырылды.
Кездесу соныңда «Itochu Corporation» өкілдері Өзбекстандағы ашық бизнес ортасын жоғары бағалап, алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (PPP) жобалары аясында министрлік пен IT Park-пен ынтымақтастық орнатуға дайын екендерін білдірген.