Жаңа Ташкент халықаралық әуежайы жобасына жергілікті кәсіпорындар атсалысады
«Жаңа Ташкент халықаралық әуежайын салу» жобасы аясында жергілікті өндірушілерді, жеткізушілер мен қосалқы мердігер ұйымдарды жобаға тартуға арналған «Road Show» іс-шарасы өтті.
Өзбекстан Республикасы Көлік министрлігі, Өнеркәсіптік кооперация және мемлекеттік сатып алулар агенттігі және «Larsen & Toubro» компаниясы бірлесіп ұйымдастырған шараға 120-дан астам жергілікті кәсіпорынның өкілдері қатысты.
Оларға жаңа әуежай жобасының техникалық сипаттамалары, құрылыс көлемі, сатып алынатын өнімдер мен қызметтер, сондай-ақ мердігерлік жұмыстарға қойылатын талаптар туралы ақпарат берілді.
Көлік министрі Илхом Махкамов елде көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатқанын, бұл ретте жергілікті кәсіпорындардың қатысу аясын кеңейту басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Атап айтқанда, 2030 жылға дейін салаға 9 миллиард доллардан астам инвестиция тарту және көлік қызметтерінің көлемін екі есеге арттыру көзделген.
– Жаңа Ташкент халықаралық әуежайы – стратегиялық маңызы бар жоба, – деді Илхом Махкамов. – Оның жүзеге асырылуы еліміздің халықаралық көлік және логистикалық әлеуетін арттыруға, өңірлік авиациялық хаб қалыптастыруға және Өзбекстанның әлемдік авиация жүйесіндегі орнын нығайтуға қызмет етеді. Сонымен қатар жобада жергілікті өндірушілердің, жеткізушілер мен қосалқы мердігерлердің қатысу аясын кеңейтуге ерекше мән беріп отырмыз.
Жаңа әуежай мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Ташкент облысының Орта Шыршық және Төменгі Шыршық аудандарындағы 1 310 гектар аумақта салынады. Жоба «Vision International Investment» бастаған халықаралық консорциуммен бірлесіп жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде құрылыс жұмыстарына 2,7 миллиард доллар инвестиция бағыттау жоспарланған.
Әуежай кезең-кезеңімен дамытылып, жолаушылар терминалының аумағы бастапқыда 208 мың шаршы метрді, кейін 400 мың шаршы метрді құрайды. Ал жылдық жолаушы өткізу қуаты 20 миллионнан 46 миллион адамға дейін ұлғайтылады.
Жоба аясында жүк терминалы, әуе қозғалысын басқару мұнарасы, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету ангарлары, заманауи навигация және метеорология жүйелері де салынады.
Жобаның соңғы кезеңінде әуежайда 204 тіркеу орны, сағатына 68 ұшу-қону операциясын жүзеге асыру мүмкіндігі, 169 әуе кемесіне арналған тұрақ және 45 телескопиялық трап болады деп жоспарланған.
«Road Show» барысында жергілікті кәсіпорындардың өндірістік қуаты мен техникалық мүмкіндіктері зерделеніп, олардың ұсыныстары талқыланды. Жобаға қатысатын мердігер ұйымдар ашық әрі бәсекелі тендер негізінде іріктеледі. Бұл ретте олардың тәжірибесі, біліктілігі, техникалық мүмкіндіктері және белгіленген талаптарға сәйкестігі ескеріледі.
«Larsen & Toubro» компаниясы төрағасының кеңесшісі, ғимараттар инфрақұрылымы жөніндегі директоры В.Д. Сатиш Өзбекстанда өндірісті жергіліктендіру және кадрлар даярлау компания қызметінің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, компания елде энергетика, цифрлық инфрақұрылым және басқа да ірі жобаларға қатысып келеді.
– Біз үшін инфрақұрылым құрумен қатар, жергілікті мүмкіндіктерді кеңейту де маңызды, – деді В. Сатиш. – Сондықтан Өзбекстанда 160-тан астам жергілікті маманды жұмысқа тартып отырмыз. Нұрабадта арнайы оқу орталығы құрылып, 100-ден астам жергілікті жеткізуші және қосалқы мердігермен ынтымақтастық жолға қойылды. Мақсатымыз – жаңа әуежайды заманауи Өзбекстанның символдарының біріне айналдыру.
Іс-шара барысында жергілікті кәсіпорындарға халықаралық мердігерлермен тікелей байланыс орнатып, өздерінің өндірістік мүмкіндіктері мен ұсыныстарын таныстыруға мүмкіндік берілді.
[gallery-31760]
суреттерді түсірген А.АЛИЖОНОВ, ӨзА