Испаниядағы орман өрті салдарынан 12 адам қаза тапты
Испанияның Андалусия автономиялық қауымдастығына қарасты Альмерия провинциясының Лос-Гальярдос ауданында болған ірі орман өртінің салдарынан кемінде 12 адам қаза тауып, тағы 6 адам жарақат алды.
BBC News мәліметіне сәйкес, қаза тапқандардың кейбірі жалын шарпыған автокөліктердің ішінен табылған. Куәгерлердің айтуынша, өрт электр беру желісіндегі ақаудан басталған. Алайда ресми органдар әзірге апаттың нақты себебін растаған жоқ.
Өртті сөндіру жұмыстарына шамамен 150 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Зардап шеккендердің бірі түтінге уланып, тағы бірі күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Қалған төрт адамға оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген.
Өртті ауыздықтау жұмыстарына Испанияның Әскери төтенше жағдайлар бөлімшесі де жұмылдырылған.
Мамандар табиғи апаттардың күшеюін Оңтүстік Еуропада жалғасып жатқан аптап ыстықпен байланыстырып отыр. Кейінгі күндері Испания, Франция және Португалияның көптеген өңірлерінде ауа температурасы 40 градустан асып, оның салдары орман өрттерінің жиілеуіне себеп болуда.