Хасанбой Дусматов әлем чемпионатының «Үздік боксшысы» атанды
Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында ересектер арасында бокстан өткен IBA әлем чемпионаты мәресіне жетті. Дүбірлі додаға әлемнің 108 елінен 428 боксшы қатысты.
Жарыста Өзбекстан ұлттық құрамасының өкілі, Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматов әлем чемпионы атанып турнирдің «Үздік боксшысы» атанды. Сонымен қатар Өзбекстан құрамасының өкілдері Асадхожа Муйдинхужаев алтын медаль иеленсе, Абдумалик Халоқов, Жавохир Умматалиев, Турабек Хабибуллаев және Арман Маханов күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал Асилбек Жалилов, Хожаназар Нортожиев, Фазлиддин Еркинбоев сынды былғары қолғап шеберлері қола медальмен марапатталды.

Чемпионат қорытындысы бойынша жалпыкомандалық медаль есебінде Ресей құрамасы 7 алтын, 5 күміс және 1 қола медальмен бірінші орынды иеленді. Екінші орын 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жинаған Қазақстан құрамасына бұйырды. Ал өзбек боксшылары 2 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль еншілеп, үздік үштік қатарынан көрінді.
