Халықаралық информатика олимпиадасы биыл Өзбекстанда өтеді
Биылғы 9–16 тамыз аралығында ел тарихында алғаш рет мектеп оқушылары арасындағы ең беделді әрі әлемдегі ең ірі бағдарламалау додасы – 38-ші Халықаралық информатика олимпиадасы (IOI 2026) өтеді.
Бұл – тек спорттық бағдарламалау сайысы ғана емес, сонымен қатар Google, Microsoft және OpenAI секілді әлемнің технологиялық алпауыттары мен жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының назарындағы жас таланттар алаңы.
Өзбекстанда өтетін бұл беделді олимпиада ауқымымен де ерекшеленеді. Әлемнің 97-ден астам елінен келетін 386 дарынды жас бағдарламашы бас жүлде үшін бақ сынайды. Сонымен қатар олимпиадаға халықаралық делегаттар, қазылар алқасы мүшелері, бақылаушылар мен сала сарапшылары қатысып, олардың жалпы саны 900-ден асады.
Еске салсақ, өткен жылы Боливияда өткен Халықаралық информатика олимпиадасы (IOI 2025) кезінде өзбекстандық оқушылар күміс және қола медальдарды жеңіп алып, елдің жоғары зияткерлік әлеуетін паш еткен болатын.
Енді жас бағдарламашылар өз елінде, жанкүйерлерінің қолдауымен тарихи жетістіктерін жаңартып, алтын медальдарды ел қоржынында қалдыруды мақсат етіп отыр.
Халықаралық информатика олимпиадасының Өзбекстанда өтуі – елде жүзеге асырылып жатқан цифрлық трансформация мен ІТ-білім саласына аударылған назардың халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі. Тамыз айында Ташкент әлемнің ең дарынды жас бағдарламашыларын тоғыстыратын зияткерлік хабқа айналады.