Гонконг басшысы Өзбекстанның цифрлық даму әлеуетімен танысты
Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнаулы әкімшілік ауданы Әкімшілігінің басшысы Джон Ли бастаған бизнес-делегация Өзбекстанға жасаған ресми сапары аясында IT Park Uzbekistan қызметімен танысты.
Сапар барысында қонақтарға IT Park қызметі, республикада цифрлық экономиканы дамыту, IT қызметтер экспортын кеңейту, халықаралық технологиялық компанияларды тарту және стартап экожүйесін қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Сондай-ақ IT Visa және Zero Risk бағдарламалары, шетелдік компаниялар үшін жасалған мүмкіндіктер жөнінде ақпарат берілді.

Делегация мүшелеріне цифрлық мемлекеттік қызметтер мен электрондық үкімет жүйесін дамытуға бағытталған жобалар, соның ішінде UZINFOCOM қызметі, DMED платформасы, MyID биометриялық сәйкестендіру жүйесі және MyGov бірыңғай интерактивті мемлекеттік қызметтер платформасының мүмкіндіктері көрсетілді.
Одан кейін «Гонконг пен Өзбекстан арасындағы инновациялар мен технологиялар саласындағы даму және ынтымақтастық мүмкіндіктері» тақырыбында кездесу өтті.

Кездесу барысында цифрлық трансформация, жасанды интеллект, стартаптарды қолдау, венчурлық инвестициялар тарту және халықаралық нарықтарға шығу мәселелері талқыланды.
Тараптарға Өзбекстанда цифрлық экономиканы дамыту, заманауи цифрлық экожүйе қалыптастыру және жастар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау бағытында жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде мәлімет берілді. Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларын 2030 жылға дейін дамыту стратегиясы таныстырылды.

Джон Ли Өзбекстанның цифрлық салада қысқа мерзім ішінде қол жеткізген нәтижелеріне жоғары баға беріп, «Digital Uzbekistan – 2030» стратегиясы елдің цифрлық дамуына берік негіз қалыптастырып отырғанын атап өтті. Ол цифрлық Жібек жолын қалыптастыруда екіжақты ынтымақтастықтың маңызы зор екенін жеткізді.
Тараптар стартаптарды дамыту, инвестициялар тарту, венчурлық қаржыландыруды кеңейту, технологиялық парктер арасындағы байланыстарды нығайту және стартаптар алмасу бағдарламаларын іске қосу мәселелері бойынша пікір алмасты.

Кездесу соңында тараптар цифрлық технологиялар, инновациялар, стартаптар және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін білдірді.