Еуропа компаниялары Starlink-ке балама спутниктік байланыс қызметін іске қосуы мүмкін
Еуропаның төрт ірі телекоммуникациялық тобы – «Deutsche Telekom», «Orange», «Telefónica» және «Vodafone» американдық «Starlink» спутниктік байланыс қызметінің нарықтағы үстемдігіне қарсы тұру үшін өздерінің спутниктік мобильді байланыс қызметін іске қосу мүмкіндігін зерттеп жатыр.
Financial Times мәліметінше, бұл қадам байланыс технологиялары саласындағы трансатлантикалық қайшылықты одан әрі күшейтуі мүмкін.
Компаниялар өз спутниктерін ұшырудың орнына жерүсті инфрақұрылымын дамытып, қолданыстағы спутниктік байланыс операторымен серіктестік орнатуды жоспарлап отыр. Бұл бастама спутниктік байланыс қызметтері төңірегіндегі геосаяси қайшылық күшейген тұста қолға алынды. Алайда оны «Starlink» платформасын басқаратын SpaceX бірден қатаң сынға алды.
АҚШ-тың технологиялық алпауыты бұл қадам «Starlink» қызметінің сапасына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті. Аталған платформа Украина үшін азаматтық және әскери байланыс тұрғысынан аса маңызды.
Еуропалық комиссияның алдында тұрған басты мәселе – лайықты серіктес табу. Өйткені спутниктік байланыс нарығында АҚШ пен Қытай басымдыққа ие. Ал Еуропаның «Eutelsat» компаниясы «Starlink» қызметтерінен едәуір артта қалып отыр.