Эритрея Эфиопиямен барлық дипломатиялық байланысын тоқтатты
Африкада тағы бір ірі соғыс ошағы пайда болды. Кеше Эритрея елдің солтүстігінде әскери қимылдар күрт өршіген тұста Эфиопиямен барлық дипломатиялық байланысын үзгенін жариялады. Сарапшылардың пікірінше, екі көршілес ел қазір соғыс табалдырығында тұр.
Бір күн бұрын Аддис-Абеба Эритрея астанасы Асмэрадағы елшілігін жауып, 10 дипломатын кері шақырып алды. Эфиопия үкіметі көрші елді дұшпандық әрекеттер жасап, оппозицияны қолдады деп айыптаған. Эритрея да осындай жауап беруге мәжбүр болғанын мәлімдеді.
Эфиопия үкімет күштері мен Тиграй халық-азаттық майданы (TPLF) бастаған қарулы оппозициялық коалиция арасындағы шайқас бір аптадан бері жалғасып келеді. Үкіметті қолдайтын күштер Тиграйдың астанасы Мекеледен шамамен 20 шақырым жерде орналасқан Милазат қаласын басып алғанын мәлімдеді.
«Reuters» агенттігінің хабарлауынша, Мекеленің өзінде ықтимал қақтығыс қаупіне байланысты банктер мен дүкендер жабылған.
Қазіргі шиеленіс 2020–2022 жылдардағы азаматтық соғыстан бергі ең ірі қақтығыс болып отыр. Сол кезде Эритрея федералдық үкіметпен бірге TPLF күштеріне қарсы соғысқан еді.
Қарулы қақтығыс салдарынан жүздеген мың адам қаза тауып, миллиондаған бейбіт тұрғын үйлерін тастап, қауіпсіз жерге бас сауғалауға мәжбүр болды. Қазіргі ахуал қақтығыстың Эфиопия аумағынан тысқары таралуы мүмкін деген алаңдаушылықты күшейтіп отыр.
Сонымен қатар, Аддис-Абеба Судан мен Мысырды оппозицияны қолдады деп айыптады. Алайда аталған елдер бұл айыптауды үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Мысалы, Мысыр Сыртқы істер министрі Абдул Аттий Аддис-Абебаның мәлімдемесін теріске шығарып, былай деді:
– Мысырдың Эфиопияда болып жатқан оқиғаларға еш қатысы жоқ, өйткені басқа мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау – сыртқы саясатымыздың негізгі қағидаты. Эфиопия билігінің мәлімдемесі ішкі дағдарыс үшін жауапкершілікті өзгелерге артуға жасалған әрекет. Мұндай сөздер тұрақтылықты қамтамасыз етпейді және Каирдің көзқарасы бойынша, мұны қабылдауға болмайды.
Бұл жағдайға, Африка одағы Эфиопия, Эритрея және Мысырды барынша сабырлық танытуға шақырып отыр.
