Эболадан көз жұмғандар саны 600-ден асты
Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусының жаңа өңірге таралғаны тіркелді. Елдің тағы бір провинциясында Эболаға күдікті жағдайлар анықталып, індеттен көз жұмғандар саны 600-ден асты.
Мәліметке сәйкес, 15 мамырда ресми түрде жарияланған эпидемия осы уақытқа дейін елдің шығысындағы Итури, Солтүстік Киву және Оңтүстік Киву провинцияларында 1 759 адамға жұққан. Алайда соңғы эпидемиологиялық мәліметте Конгоның ірі қалаларының бірі – Кисангани қаласында анықталған екі жағдай бұл статистикаға әлі енгізілмегені айтылған.
Анықталған екі жағдайдың біреуі Эбола індетінің алғашқы ошағы саналған Итури провинциясындағы Ниания медициналық аймағымен байланысты. Ал екінші жағдайдың Кисанганиден басқа ешқандай географиялық байланысы жоқ.
Мәліметке сәйкес, аталған оң зертханалық нәтижелер қазір қосымша растаушы сараптамадан өтіп жатыр. Олар расталғаннан кейін ресми сырқаттану бойынша статистикаға енгізіледі.
Сонымен қатар, Кисангани қаласында індеттің таралуына жол бермеу мақсатында эпидемиологиялық бақылау, науқастармен байланыста болған адамдарды анықтау және басқа да шектеу шаралары күшейтілген.