Дзюдо: Өзбекстан жастар құрамасы әлем чемпионатында үздік бестікке енді
Ташкенттегі «Олимпия қалашығында» дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтті. Әлемнің 78 елінен 600-ге жуық спортшы қатысқан үш күндік дүбірлі додада Өзбекстан құрамасы үш медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бесінші орынға тұрақтады.
Өзбекстан жастар құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль бар.
Жалпыкомандалық есепте Ресей Федерациясы 4 алтын, 2 күміс және 4 қола медальмен бірінші орын алды. Түркия құрамасы 2 алтын және 1 күміс медаль жеңіп, екінші орынға жайғасса, Франция спортшылары 2 алтын және 1 қола медальмен үздік үштікті түйіндеді. Дзюдоның отаны саналатын Жапония 1 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль жинап, төртінші орынға ие болды.
Осылайша, өз жанкүйерлері алдында өнер көрсеткен Өзбекстанның жастар құрамасы әлем чемпионатын үздік бестікте аяқтады.