Чехия Премьер-министрінің сапары аяқталды
Чехия Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабиш 29–30 сәуір күндері ресми сапармен Өзбекстанда болды.
30 сәуір күні «Куксарай» резиденциясында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Чехия Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабиштің шағын құрамда және екі ел делегациялары қатысуымен келіссөздері өтті. Онда екі мемлекет арасындағы практикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі және оны одан әрі дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Келіссөздер қорытындысында Өзбекстан–Чехия серіктестігінің бірқатар бағыттарын қамтитын құжаттарға қол қойылды.
[gallery-29103]
Осынау сапар аясында Чехия Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабиш «Жаңа Өзбекстан» саябағында орналасқан Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қойды. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі нысан саналатын Ислам өркениеті орталығы, Ташкент қаласындағы Халықаралық тілдер мен дағдылар мектебі және Технопаркпен танысты. Чехия Премьер-министрі Өзбекстан–Чехия бизнес-форумына да қатысты.
Жоғары мәртебелі мейман сапар соңында журналистерге сұхбат берді.
Андрей Бабиш кездесу барысында өткен келіссөздер өзара сенім рухында өткенін атап өтті. Қол жеткізілген келісімдер екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеретінін жеткізді. Сонымен қатар, еліміздің бай мәдени мұрасы мен заманауи даму қарқыны оған үлкен әсер еткенін айтты. Өзбек халқына тән шынайы қонақжайлық пен көрсетілген жоғары құрмет үшін алғысын білдірді.
Жоғары мәртебелі қонақты «Ташкент-Ҳумо» халықаралық әуежайында Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов және басқа да ресми тұлғалар шығарып салды.
А.РУСТАМОВ, Н.ХАЙДАРОВ (фото), ӨзА