Бұхара облысында туризм қарқынды дамып келеді
ФОТОРЕПОРТАЖ
Бірнеше ғасырлық тарихы мен қайталанбас сәулет мұрасын сақтаған Бұхара – Ұлы Жібек жолының бойындағы ең көне мәдени-туристік орталықтардың бірі ретінде әлем саяхатшыларын өзіне тартып келеді.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Бұхара облысында туризм саласын дамыту, инфрақұрылымды кеңейту және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар оң нәтиже беріп отыр.
Осы кезеңде 57 жаңа орналастыру нысаны пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде облыстағы қонақ үйлер мен басқа да орналастыру орындарының саны 730-ға, ал олардағы орын саны шамамен 19 мыңға жетті.
Сонымен қатар 26 жаңа туроператор мен турагент қызметін бастады. Осылайша олардың жалпы саны 248-ге жетіп, туристерге ұсынылатын қызмет түрлерін кеңейтуге және туристік нарықтағы бәсекелестікті күшейтуге ықпал етуде.
Жыл басынан бері Бұхара облысына 1 миллион 577 мың шетелдік турист келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,9 пайызға көп. Республикаға келген барлық шетелдік туристердің 23,1 пайызы Бұхара облысының үлесіне тиесілі болды.
[gallery-30568]
Ішкі туризмді дамыту бағытында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Облыс бойынша 3 миллион 237 мың отандық турист саяхат жасады. Ал «Өзбекстан бойынша саяхат жаса!» бағдарламасы аясында 652,2 мың адамның сапары ұйымдастырылды.
Бірінші жартыжылдықта туризм қызметтері экспортының көлемі 450,5 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,3 пайызға артты.
Туристік бағыттарды кеңейту мақсатында облыстағы бірнеше ауылдарға «Туризм ауылы» мәртебесі берілді. Осылайша облыстағы туристік нысандар саны 257-ге жетті.
Бұхараның халықаралық туризм орталығы ретіндегі беделін нығайтуда мәдени іс-шаралардың да маңызы зор. Биыл мамыр айында өткен III Халықаралық зергерлік және алтын кесте (зардуз) фестиваліне 47 мемлекеттен 150-ден астам шетелдік қатысушы мен 500-ге жуық жергілікті қолөнерші қатысты.
суреттерді түсірген Т.ИСТАТОВ, ӨзА