АҚШ-тағы ең ірі лоукостерлердің бірі жанармай қымбаттауына байланысты жабылды
Солтүстік Америкадағы ең ірі арзан әуе компанияларының бірі саналатын «Spirit Airlines» өз қызметін тоқтататынын мәлімдеді.
BBC мәліметінше, компания Дональд Трамп әкімшілігімен қаржылай көмек мәселесі бойынша келісімге келе алмаған. Ал Таяу Шығыстағы қақтығыстар салдарынан авиациялық жанармай бағасының өсуі компания үшін соңғы соққы болды.
«Spirit Airlines» АҚШ билігімен 500 миллион доллар көлеміндегі қолдау мәселесінде келіссөздер жүргізген. Алайда келіссөздер нәтижесіз аяқталып, компания өз сайтында «қатты көңілі қалғанын» мәлімдеп, дереу «реттелген түрде қызметін қысқарту» процесін бастайтынын жариялады.
Өткен жылдың тамыз айында компания бір маусым ішінде екінші рет банкроттық туралы өтініш берген еді. Қаржылық жағдайы біршама түзеле бастаған тұста, соңғы айларда АҚШ – Израиль – Иран арасындағы шиеленіс және Ормуз бұғазының ішінара жабылуы авиациялық жанармай бағасының күрт өсуіне әкеліп, компанияға тағы да елеулі зиян келтірді.
Мәліметтерге сәйкес, көптеген жолаушы тасымалдаушы әуе компаниялары пайдаланатын «Jet A-1» жанармайы соңғы апталарда шамамен екі есеге қымбаттаған.
«Spirit Airlines» жұма және сенбі күндері барлық рейстерін тоқтатып, жолаушыларға қаражаттың қайтарылатынын хабарлады.
60 жылдан астам тарихы бар бұл әуе компаниясы жабылар сәтте 100-ден астам Airbus A320 family ұшақтарынан тұратын флотты басқарған. Оның ішінде ең жаңа Airbus A320neo және Airbus A321neo лайнерлері арқылы Мексика, Кариб бассейні елдері мен Оңтүстік Американың бірқатар бағыттарына ондаған рейс орындап келген.