Өзбекстан Ішкі істер министрі Интерпол Бас хатшысымен кездесті
Бішкек қаласында өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің отырысы аясында Өзбекстан Республикасының Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Азиз Ташпулатов Интерполдың Бас хатшысы Валдеси Уркизамен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында тараптар құқық қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен келешегін талқылады. Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, жедел ақпарат алмасу тетіктерін жетілдіру және халықаралық іздеу саласындағы әріптестікті кеңейту мәселелеріне айрықша назар аударылды.

Кездесу барысында қазіргі қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндердің жаһандық сипат алып отырғаны атап өтіліп, қылмысқа қарсы тиімді күрес жүргізу үшін мемлекеттердің құқық қорғау органдары арасындағы тығыз өзара іс-қимыл мен күш-жігерді үйлестірудің маңызы ерекше екені айтылды.
Осы тұрғыда Өзбекстан Ішкі істер министрлігі үшін Интерполмен ынтымақтастық халықаралық қызметтің басым бағыттарының бірі саналатыны және оның трансшекаралық қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
Өз кезегінде Валдеси Уркиза Интерполдың Өзбекстанмен серіктестік байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді. Оның айтуынша, халықаралық ынтымақтастықтың практикалық тетіктерін дамыту қазіргі кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі болып отыр.
Сондай-ақ Интерполдың Ұлттық орталық бюролары түрлі мемлекеттердің құқық қорғау органдары арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуде және халықаралық қылмысқа қарсы күресте маңызды орын алатыны айтылды.
Кездесу соңында тараптар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ қылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту бағытындағы міндеттерді белгілеп алды.