Өзбекстан Президенті шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысты
18 маусым күні Халықаралық конгресс орталығында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевнің төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті жалпы отырысы өтті.
Іс-шараға Еуропа қайта құру және даму банкі президенті Одиль Рено-Бассо, жетекші шетелдік компаниялар, банктер мен қаржы институттарының басшылары, сондай-ақ Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі инвесторлар кеңестерінің мүшелері саналатын беделді халықаралық ұйымдар мен құрылымдардың өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде соңғы жылдары Президент жанындағы кеңес практикалық реформалар алаңына айналып, ел мен жаһандық инвестициялық қауымдастық арасындағы сенімді көпір ретіндегі орнын нығайтқанын атап өтті.

Кеңес тәуелсіз қауымдастық мәртебесіне ие болып, экономиканың 23 саласында жұмыс істейтін 85 компанияны біріктірді. Атқарушы комитет құрамына Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі және Халықаралық қаржы корпорациясы кіреді.

Ынтымақтастықтың маңызды нәтижелерінің бірі ретінде нормативтік-құқықтық базаның жүйелі түрде жетілдірілуі сөз болды.
Кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде Салық кодексіне өзгерістер енгізілді, қаржылық реттеу мен есеп жүргізудің бірқатар рәсімдері жеңілдетілді, ал халықаралық қаржылық есептеу стандарттарын қолданатын шетелдік компаниялар үшін кейбір міндетті талаптар жойылды.

Сонымен қатар ұлттық заңнаманы халықаралық тәжірибеге одан әрі жақындату жұмыстары жалғасуда.
«Баламалы инвестициялық қорлар туралы» заң жобасы әзірленді, Жауапты бизнес жүргізу стандарттарын енгізу бағдарламасы жасалды, сондай-ақ техникалық регламенттерді халықаралық нормаларға сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, Өзбекстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар жөніндегі декларациясына қосылу үдерісін бастады. Келесі қадам ретінде Ташкент халықаралық қаржы орталығы туралы конституциялық заң қабылдау жоспарланып отыр.

Кеңестің салалық жұмыс топтарының қызметі де жүйелі сипат алды. Өткен кезеңде қаржы нарығын дамыту, кепіл заңнамасын жетілдіру, жауапты бизнес жүргізу, салықтық әкімшілендіру, энергетика, жер ресурстарын басқару, кәсіби кадрлар даярлау және мемлекет пен инвесторлар үшін өзара тиімді басқа да бағыттар бойынша 50-ден астам кездесу өткізілді.
Осы отырысқа дайындық барысында шетелдік серіктестердің жаңа бастамалар топтамасы қалыптастырылды.

Шетелдік инвесторлар кеңесіне келіп түскен 120 ұсыныс инвестициялық ахуалды жақсарту, салық және кадастр жүйелерін жетілдіру, банк-қаржы секторын дамыту, корпоративтік басқаруды нығайту, энергетика саласын жаңғырту, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған жеті басым бағытқа топтастырылды.
Валюталық операцияларды реттеуді одан әрі жеңілдету, исламдық сақтандыру мен «жасыл» несиелеу сияқты заманауи қаржы құралдарын енгізу, банк активтері нарығын қалыптастыру және экологиялық, әлеуметтік әрі корпоративтік басқару қағидаттарын кеңінен қолдану жөніндегі ұсыныстарға ерекше назар аударылды.

Әрбір бағыт бойынша нақты практикалық шешімдер әзірленіп, жауапты орындаушылар белгіленді.
Мемлекет басшысы кеңестің кәсіпкерлер бастамалары мемлекеттік саясатта нақты көрініс табатын тиімді әрі ашық диалог алаңына айналғанын атап өтті.
Осыған байланысты халықаралық инвесторлармен тікелей ынтымақтастықты сақтап қалу және кері байланыс тетіктерін одан әрі жетілдірудің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Жиын қорытындысында барлық ұсыныстарды біріктіріп, бірыңғай «жол картасын» әзірлеу, оны іске асыру мерзімдері мен бақылау тетіктерін нақты айқындау тапсырылды.

Сондай-ақ Өзбекстан Үкіметінің инвестиция саласына жауапты мүшелері аталған құжаттың орындалу барысы туралы Президентке әр тоқсан сайын есеп беріп отыратын болды.
Кездесуге қатысушылар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, Жаңа Өзбекстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және жүргізіліп жатқан реформаларды табысты жалғастыруға бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделі екендерін білдірді.
Одан кейін презентациялар ұйымдастырылып, қатысушылар сөз сөйлеп, кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берілген арнайы пікір алмасу сессиясы өтті.