«The Korea Herald» басылымы Шавкат Мирзиёевтің сұхбатын жариялады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің Оңтүстік Кореяның жетекші басылымы «The Korea Herald» газетіне берген сұхбаты жарық көрді.
Мемлекет басшысы Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары қарсаңында берген сұхбатында Өзбекстан – Корея қарым-қатынасының қазіргі жай-үйі мен болашағы, жоғары технологиялар, инвестиция, адами капитал және өңірлік ынтымақтастық мәселелері төңірегінде ой бөлісті.

Президенттің атап өтуінше, соңғы жылдары екі ел арасындағы сауда көлемі бес есеге артты, ал Кореяның Өзбекстан экономикасына құйған жалпы инвестициясы 8 миллиард доллардан асты. Бүгінгі таңда екі мемлекеттің қатысуымен 700-ден астам бірлескен кәсіпорын мен жоба жүзеге асырылуда.
Сұхбатта жасанды интеллект, маңызды минералдар мен жартылай өткізгіштер, робототехника, электр көлігі, биофармацевтика, заманауи химия, «ақылды» ауыл шаруашылығы мен қалалар болашақ ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде атап өтілді.
Президент Шавкат Мирзиёев екі елдің серіктестігін жекелеген салалар шеңберінен бірлескен өндірістік жүйелерді, технологиялық платформаларды және жаңа нарықтарды қалыптастыру кезеңіне шығарудың маңыздылығын баса айтты. Өзбекстан көшбасшысының сөзінше, бұл екі елге «дамуда бірге жаңа серпіліске» қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, сұхбатта Орталық Азия мен Корея арасындағы ынтымақтастықтың даму мүмкіндіктеріне де баса назар аударылды. Президент Шавкат Мирзиёев алдағы өтетін алғашқы «Корея – Орталық Азия» саммитін стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі үшін маңызды бастау нүктесі ретінде бағалап, инвестициялық ынтымақтастық бойынша маңызды келісімдерге қол жеткізілетініне сенім білдірді.
Сұхбаттың толық мәтінімен «The Korea Herald» басылымынан таныса аласыздар.