Ташкент халықаралық қаржы орталығы үшін арнайы құқықтық режим енгізіледі
Өзбекстанда Ташкент халықаралық қаржы орталығының қызметін құқықтық тұрғыдан реттейтін Конституциялық заң қабылданды. Құжатқа сәйкес, орталық үшін арнайы құқықтық режим енгізіліп, оның ресми тілі ретінде ағылшын тілі белгіленді.
«Ташкент халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңға сәйкес, орталық ерекше құқықтық мәртебеге ие аумақ болып саналады. Оның бастапқы шекаралары Ташкент халықаралық қаржы орталығын құру туралы Президент жарлығымен айқындалады.
Заңның негізгі мақсаты – орталықтың құқықтық мәртебесін белгілеу, оның аумағында қолданылатын арнайы құқықтық режимді енгізу және қаржы орталығы қызметіне қатысты құқықтық қатынастарды реттеу.
Құжатқа сәйкес, Қаржы орталығы қабылдаған әрбір шешім күшіне енгенге дейін оның ресми тізілімінде жариялануы тиіс.
Сондай-ақ заң талаптарын немесе Қаржы орталығының шешімдерін бұза отырып коммерциялық немесе қаржылық қызметпен айналысқан қатысушыларға 10 миллион АҚШ долларына дейін немесе құқық бұзушылыққа себеп болған мәміле не қызмет құнының 10 пайызынан аспайтын мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін.
Заңға сәйкес, Ташкент халықаралық қаржы орталығының құрылымына мыналар кіреді:
- Қаржы орталығының кеңесі;
- Қаржы орталығының әкімшілігі;
- Қаржылық қызметтер басқармасы;
- Ташкент халықаралық коммерциялық соты.
Сонымен қатар орталықтың әрбір органы қаржы жылы аяқталғаннан кейін төрт ай ішінде жыл сайынғы ашықтық туралы есебін жариялауға міндетті.
Құжатқа сәйкес, ағылшын тілі Ташкент халықаралық қаржы орталығының ресми тілі болып белгіленді.
Осы орайда айта кеткен жөн, жаңа құқықтық режим халықаралық инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды іскерлік орта қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл бастама Өзбекстанның өңірлік қаржы хабы ретіндегі әлеуетін күшейтіп, елге шетелдік инвестициялар мен халықаралық қаржы институттарын тартуға мүмкіндік береді.