Ташкент – Маврикий бағыты бойынша тікелей әуе қатынасы іске қосылады
2026 жыл желтоқсан айынан бастап Ташкент пен Африка құрлығында орналасқан Маврикий Республикасы арасында тікелей әуе қатынасы іске қосылады.
Осыған орай Ташкент қаласында Өзбекстан мен Маврикий арасында тікелей әуе қатынасын іске қосуға арналған екі елдің туризм саласы өкілдерінің ашық диалогы өтті.
Іс-шара «Prestige Travel» компаниясының бастамасымен Туризм комитетімен бірлесіп ұйымдастырылды. Оған Маврикийдің жетекші туристік компаниялары мен қонақүй брендтерінің өкілдері, сондай-ақ Өзбекстанның жергілікті туроператорлары қатысты.
Кездесуде екі ел арасындағы туристік байланыстарды кеңейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, жаңа туристік өнімдер қалыптастыру және Өзбекстанның туристік әлеуетін Маврикий нарығында кеңінен насихаттау мәселелері талқыланды.
Атап өтілгендей, 2026 жылғы желтоқсаннан бастап Ташкент пен Африка құрлығында орналасқан Маврикий Республикасы арасында тікелей әуе қатынасы іске қосылады. Алғашқы кезеңде 26 желтоқсанда және қаңтар айында Ташкент – Маврикий – Ташкент бағыты бойынша барлығы 4 рейс орындау жоспарланған. Кейінгі кезеңде, 2027 жылғы маусымнан бастап бұл бағыт бойынша аптасына бір рет тұрақты әуе рейстерін іске қосу көзделіп отыр.
Жаңа әуе бағытының маңызы екі ел арасындағы көлік байланысын жақсартумен ғана шектелмейді. Бұл бағыт Өзбекстанның туристік индустриясына Африка құрлығындағы жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Маврикий және басқа да шетел мемлекеттерінің азаматтарына Өзбекстанға келіп, елдің бай тарихи-мәдени мұрасы мен туристік әлеуетімен танысуға жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Сонымен бірге Ташкенттің Орталық Азия және ТМД мемлекеттерінен Маврикийге жолаушылар тасымалдайтын транзиттік орталықтардың біріне айналуы күтілуде. Болашақта Қазақстан, Ресей және басқа да ТМД елдерінен туристер Ташкент арқылы Маврикийге саяхаттай алады. Бұл Ташкенттің өңірлік авиациялық хаб ретіндегі әлеуетін арттырып, транзиттік жолаушылар ағынын көбейтуге және Өзбекстанның халықаралық туристік бағыттарының географиясын кеңейтуге ықпал етеді.
Іс-шара барысында Өзбекстанда туризм саласын одан әрі дамытуға, елдің халықаралық туристік тартымдылығын арттыруға және шетелдік туристер ағынын көбейтуге бағытталған шаралар туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, 2026 жылдан бастап жыл сайын маусым–тамыз айларында «Ашық туризм маусымы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында туризм нарығына қатысушыларды кең ауқымды қаржылай қолдау тетіктері енгізілген.
Атап айтқанда, шетел мемлекеттерінен Өзбекстанға жаңа әуе рейстерін ашатын жергілікті және шетелдік авиакомпанияларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Оларға тартылған әрбір шетелдік турист үшін 100 АҚШ доллары көлемінде субсидия, Өзбекстан әуежайларының қызметтерін пайдалануға 20 пайыздық жеңілдік, сондай-ақ жаңа бағыттарды ашуға байланысты шығындардың бір бөлігін өтеу мүмкіндігі беріледі.
Алыс шетел мемлекеттерінен туристер тартатын Өзбекстан резиденті болып саналатын туроператорлар үшін де қосымша ынталандыру шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, алыс шетел елдерінен тартылған әрбір 1000 турист үшін 5 мың АҚШ доллары көлемінде субсидия бөлінеді. Бұл қолдау шаралары туроператорларға жаңа шетелдік нарықтарға шығуға, маркетингтік қызметін кеңейтуге және Өзбекстанға келетін шетелдік туристер ағынын арттыруға қосымша мүмкіндік береді.
Ташкент – Маврикий бағыты бойынша тікелей әуе қатынасының іске қосылуы Өзбекстанның халықаралық көлік және туристік әлеуетін одан әрі арттырып, елдің тек туристік бағыт ретінде ғана емес, өңірдегі маңызды транзиттік орталықтардың бірі ретінде де орнығуына ықпал етеді деп күтілуде.