Стартаптарға арналған жаңа қаржыландыру бағдарламасы іске қосылады
Өзбекстанда стартаптарды қаржыландыруға және жеке инвесторларды ынталандыруға бағытталған жаңа тетіктер енгізілмек.
Бұл Президент Шавкат Мирзияевтің биылғы 27 тамыздағы "Өзбекстан Республикасы Президентінің кәсіпкерлермен VI ашық мұңыласуында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы" жарлығында көзделген.
Жаңа шаралар еліміздің стартап экожүйесін одан әрі дамытуға қызмет етеді. Бұл экожүйеде IT Park Uzbekistan технологиялық жобаларды қолдауға, венчурлық нарықты дамытуға және стартаптар мен инвесторлар арасындағы ынтымақтастық үшін қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруға жәрдемдеседі.
Құжатқа сәйкес, 2027–2030 жылдары "Болашақ кәсіпкер" бағдарламасы жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында UzVC ұлттық венчурлық қоры 8 басым бағыт бойынша ашық конкурс негізінде жалпы саны 30-ға дейін стартапты қаржыландырады.
Әрбір жоба 5 миллиард сомға дейін инвестиция ала алады. Қаржыландыру 3 жыл мерзімге пайызсыз және кепілсіз конвертацияланатын қарыз немесе SAFE нысанында жүзеге асырылады.
Мемлекеттің стартаптағы үлесі 49 пайыздан аспайды. Ал құрылтайшылар кейіннен бұл үлесті нарықтық құнымен сатып алу құқығына ие болады. Бағдарлама үшін 2027 жылы мемлекеттік бюджеттен бастапқы кезеңде 150 миллиард сом бөлу жоспарланған.
"Болашақ кәсіпкер" бағдарламасы электротехника, машина жасау және жабдық жасау, фармацевтика, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары, су және энергия үнемдеуші технологиялар бағыттарындағы стартаптарды қамтиды.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен агротехнологиялар және аэроғарыш бағыттары да осылардың қатарына жатады. Ал бағдарлама қатысушыларына "реттеуші құмсалғыш" арнайы құқықтық режимі қолданылады.
Тиісті мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдар стартаптарға саладағы кәсіпорындармен тәжірибелік-сынамалық жобаларды жүзеге асыруға және тапсырыс шарттарын жасасуға жәрдемдеседі.
Жарлықта стартап экожүйесіне жеке капиталды тартуды ынталандыру бойынша жаңа тетік те қарастырылған.
Startup Base бірыңғай электрондық платформасында тіркелген стартапқа, оның ішінде SAFE немесе конвертацияланатын қарыз арқылы инвестиция салған жеке тұлға "Стартап инвесторы" (Business Angel) мәртебесін ала алады.
Егер инвестор стартаптағы үлесін кемінде 3 жыл сақтап, содан кейін оны сатса, үлесті сатудан түскен табыс жеке тұлғалардан алынатын табыс салығынан босатылады.
Жаңа тетіктер стартаптар үшін қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтуге, жеке инвесторлардың экожүйедегі қатысуын арттыруға және технологиялық жобаларды нарыққа тезірек шығаруға қызмет етеді деп күтілуде. Жарлық биылғы 28 тамыздан бастап күшіне енді.
А.РУСТАМОВ, ӨзА