Шри-Ланкада толассыз жауын су тасқыны мен жер көшкінін туғызды
Шри-Ланкада екі күннен бері толассыз жауған нөсер жаңбыр елдің орталық таулы аймақтарында ауқымды су тасқыны мен жер көшкіндерін туғызды.
БАҚ мәліметінше, табиғи апат салдарынан кемінде 5 адам қаза тауып, 3 адам жарақат алды, 2 тұрғын із-түзсіз жоғалған. Табиғи апаттың ең күрделі жағдайы шай өсірілетін орталық өңірлерде байқалып отыр. Қауіп күшейген соң аталған аймақтардағы мектептерде сабақ уақытша тоқтатылды.
Айтылуынша, жер көшкіні екі тұрғын үйді толықтай басып қалып, адам шығынына себеп болған. Табиғи апат салдарынан 129 үй бүлініп, 2 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз аймақтарға көшірілген.
Құтқару жұмыстарына армия мен әскери-теңіз күштері жұмылдырылды.
Нөсер жауын тек елді мекендерге ғана емес, көлік инфрақұрылымына да елеулі зиян келтірді. Ірі тастар, лайлы ағындар мен құлаған электр бағаналары бірнеше негізгі автожолды жауып тастаған. Кейбір өңірлерде көлік қозғалысы толықтай тоқтап қалған.
Үкімет құтқару операцияларымен қатар жолдарды ашу және электр энергиясымен қамтуды қалпына келтіру жұмыстарын бастады.
Бұл Шри-Ланка соңғы айларда тап болған алғашқы ірі табиғи апат емес. Ел өткен жылдың қараша айында болған «Cyclone Ditwa» дауылының салдарын жою жұмыстарын әлі де жалғастырып жатыр. Сол кезде шамамен 640 адам қаза тауып, 2 миллион тұрғын зардап шеккен, ал экономикаға 4,1 миллиард доллар көлемінде шығын келді. Мамандар муссон маусымы әлі жалғасып жатқандықтан, жаңа су тасқыны мен жер көшкіні қаупі жоғары күйінде қалып отырғанын ескерткен.