Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауында дауыс берді
Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тарихында алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауға дауыс берді.
KAZINFORM мәліметінше, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде дауыс берген.
Тарихи Құрылтай сайлауында 145 депутаттық мандатқа «Әділет», ЖСДП, «Байтақ», ҚХП, «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» және Respublica — барлығы 7 партиядан 545 кандидат тіркелген.
Қазақстан басшысы барша келушілерді құттықтады және шын мәнінде бүгін – Қазақ елі үшін тарихи күн екенін атап өткен.
– Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанның барлық өңірінде Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде өтеді.