Президент студенттер қалашығындағы ахуалдар орталығының жұмысымен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев Алмазар ауданындағы «Ёшлик» студенттер қалашығы әкімдігінде құрылған ахуалдар орталығының жұмысымен танысты.
Елдің дамуы мен оның болашағы ғылым-білімге ұмтылған, білімді әрі бастамашыл жастардың әлеуетімен тығыз байланысты. Осыған байланысты студенттерді жан-жақты қолдауға, олар үшін қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастыруға, білім беру мекемелері мен студенттер қалашықтарындағы басқару жүйесін цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Бұл бағытта Мемлекет басшысының биыл 5 қаңтарда қабылдаған «Республика махаллаларында қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында бірыңғай атаулы жұмыс жүйесін енгізуге бағытталған қосымша шаралар туралы» шешімі маңызды құқықтық негіз болып отыр.
Осы міндеттерді орындау аясында «Ёшлик» студенттер қалашығында цифрлық технологияларға негізделген ахуалдар орталығы құрылды. Орталық студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аумақтағы әлеуметтік ахуалды нақты уақыт режимінде бақылау, сабаққа қатысуын қадағалау және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді жүйе ретінде жұмыс істейді.

Жалпы аумағы 1 мың 368 шаршы метр болатын «Ёшлик» студенттер қалашығы әкімдігінің ғимараты 2024 жылы салынған. Оны күрделі жөндеуге, ахуалдар орталығын құруға және аумақты абаттандыруға 33 миллиард сум бағытталды.
Қазіргі таңда ғимаратта ахуалдар орталығымен қатар стартап бөлмесі, жоғары білім тарихы музейі, Жастар ісі агенттігінің аудандық бөлімі және әйелдер кәсіпкерлігі орталығы орналасқан.

Ахуалдар орталығы қалашықтағы 41 студенттер жатақханасын қамтиды. Жүйе арқылы 75 мыңға жуық студенттің, оның ішінде жатақханаларда тұратын 17,5 мың ұл-қыздың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар олардың сабаққа қатысуын бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мүмкіндігі қарастырылған.
Орталық 17 ақпараттық жүйемен интеграцияланған. Бұл әртүрлі деректерді бірыңғай цифрлық платформа арқылы жедел талдап, жағдайға қарай қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.

Сапар барысында Мемлекет басшысына студенттер қалашығындағы қауіпсіздік пен әлеуметтік ахуалды нақты уақыт режимінде бақылау мүмкіндіктері және орталықтың жұмыс істеу қағидаттары таныстырылды.

Президент Шавкат Мирзиёев осы жүйе арқылы студент жастармен жүйелі жұмыс жүргізу және оларды алаңдатқан мәселелерді жедел шешу жөнінде ұсыныстар берді.
Жауапты тұлғаларға бұл тәжірибені республикадағы басқа да студенттердің жатақханаларына да енгізу жөнінде тапсырмалар берілді.