Президент Қаршы мемлекеттік университетіндегі жағдаймен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев Қаршы мемлекеттік университетінде болып, мұндағы жасалған жағдайлармен танысты.
Университетте 14 мыңнан астам студент бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша күндізгі, сырттай және қашықтан білім алуда. Мұнда 579 профессор-оқытушы еңбек етеді.

Білім беру бағдарламаларын халықаралық талаптарға сәйкестендіруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Ағылшын филологиясы, математика, қолданбалы математика және физика бағыттары халықаралық аккредиттеуден өткен. Ресей мен Беларусь жоғары оқу орындарымен бірлесіп, 14 білім беру бағдарламасы жолға қойылған.

Тілдер факультетінде мың орындық заманауи медиа студия, сондай-ақ қытай, неміс, француз, ағылшын және орыс тілдерін үйрететін орталықтар құрылған. Халықаралық бағдарламалар аясында синхронды аудармашылар даярлануда. Жеті зертхананы біріктіретін Халықаралық зертханалар орталығында жасанды интеллект, машиналық оқыту және робототехника бағыттарында зерттеулер жүргізілуде.

Өткен жылы оқу орнында ауқымды құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстары атқарылды.

Студенттердің тұрмыс жағдайы да жақсарды. Үш жаңа жатақхананың бой көтергендігінің арқасында 1 300-ден астам қосымша орын пайда болып, студенттерді жатақханамен қамту қажеттілігі толық шешілді. Университет аумағында 240 орындық балабақша, кітапхана, асханалар, жастар орталығы және конгресс сарайы жұмыс істейді. Жоғары оқу орны жанынан «Лочин» футбол командасы құрылып, оның жаттығуларына арналған заманауи алаң салынған.

Мемлекет басшысы университеттің студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысты.

Сонымен, Мемлекет басшысы Қашқадария облысына жұмыс сапарын аяқтап, Ташкентке қайтып оралды.