Президент Наманган халықаралық әуежайындағы жаңа терминалдың құрылысымен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев Наманган облысына жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысы сапар аясында Наманган халықаралық әуежайы аумағында салынып жатқан жаңа жолаушылар терминалының құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Республикада көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Наманган халықаралық әуежайын кеңейту жобасы да осы реформалардың маңызды бөлігі саналады.

Жоба Мемлекет басшысының 2021 жылғы 29 наурыздағы республиканың әуежайларын басқару саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту жөніндегі қаулысы негізінде жүзеге асырылуда.

Наманган халықаралық әуежайы 1971 жылы пайдалануға берілген. Ал 2013 жылдан бері халықаралық мәртебеде қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта әуежай арқылы тоғыз әуе компаниясы тұрақты рейстер орындайды.

Жобаға жалпы көлемі 175 миллион АҚШ доллары инвестиция тартылған. Жоспарға сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін халықаралық талаптарға сай келетін жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға беріледі. Аумағы 22,6 мың шаршы метр болатын үш қабатты терминал сағатына 1,2 мың жолаушыға, ал жылына 3 миллионнан астам адамға қызмет көрсете алады. Бұл әуежайдың қазіргі өткізу қабілетін бірнеше есеге арттырмақ.

Сондай-ақ 2027 жылдың соңына дейін тәулігіне 50 тоннаға қауқарлы карго терминалы іске қосылады. Нәтижесінде Ферғана аңғары үшін бірыңғай заманауи жүк тасымалы жүйесі қалыптасып, өңір өнімдерін әлемнің 90 еліне экспорттау мүмкіндігі кеңейеді.

Мемлекет басшысы құрылыс барысымен танысып, әуежай инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
