Президент медицина және фармацевтика саласында кадрлар даярлау бойынша ұсыныстармен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев денсаулық сақтау және фармацевтика саласына кадрлар даярлау, оларды мемлекеттік тіркеуден өткізу, сондай-ақ үздіксіз кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстардың тұсаукесерімен танысты.
Өзбекстанда денсаулық сақтау жүйесін трансформациялау, алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру, заманауи клиникалар мен диагностикалық мүмкіндіктерді кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл өзгерістер медицина және фармацевтика саласына кадрлар даярлау жүйесін де заман талабына сай қайта қарауды қажет етеді.
Осыған байланысты медициналық білім беруді теориялық білім беруден құзырет пен практикалық дағдыларды қалыптастыруға бағыттау, білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, мамандардың білімі мен біліктілігін объективті бағалау және олардың бүкіл еңбек қызметі барысында кәсіби тұрғыдан үздіксіз дамуын қамтамасыз ететін тұтас жүйе құру көзделіп отыр.
Таныстырылымда алдымен медицина және фармацевтика саласында кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру шаралары қаралды. Ұсыныстар Кембридж, Пенсильвания және Гарвард университеттерінің ұсынымдары негізінде халықаралық және жергілікті мамандардың қатысуымен әзірленген.

Енді медициналық жоғары оқу орындарына қабылдау параметрлері өңірлер мен медициналық мекемелердің нақты қажеттілігі және кадр тапшылығы негізінде қалыптастырылады. Мемлекеттік тапсырыс бағыттар бойынша Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бекітіледі.
2027/2028 оқу жылынан бастап «Емдеу ісі» бағытының орнына 6 жылдық «Жалпы медицина» бакалавриат бағдарламасын енгізу ұсынылуда. Бес жылдық оқудан кейін студенттер бір жыл толық практикалық даярлықтан өтеді. Бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектер отбасылық дәрігер болып жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.
Отбасылық медицина бойынша кадрлар даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Резиденттердің отбасылық емханаларда қатар білім алып, практикалық даярлықтан өтуі жолға қойылады. Ал тар бейінді мамандарды даярлау кезең-кезеңімен резидентураға көшіріліп, магистратура негізінен ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлауға бағытталады.
Орта буын медицина қызметкерлерін даярлауда да жаңа тәсілдер енгізіледі. Жоғары білімді мейіргерлердің диагностика, емдеу және профилактика үдерістерінде дәрігерге барынша жақын көмекші ретіндегі рөлі арттырылады.

Фармацевтикалық білім беру өндіріс саласымен одан әрі тығыз байланыстырылады. Кәсіпорындардың қажеттілігіне қарай дуальды білім беру кеңейтіліп, практикалық сабақтардың үлесі арттырылады. Студенттерді дәрілік заттарды әзірлеуден бастап сапаны бақылау мен стандарттауға дейінгі үдерістерге тарту көзделуде.
Таныстырылымның келесі бөлігі медицина және фармацевтика қызметкерлерін мемлекеттік тіркеу жүйесін енгізуге арналды.
Халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мамандардың білімі мен практикалық даярлығын тәуелсіз бағалау жүйесі енгізіледі.
Барлық медицина және фармацевтика қызметкерлерін қамтитын бірыңғай электрондық тізілім қалыптастырылады. Ол 16 ақпараттық базамен интеграцияланып, маманның білімі, біліктілігі және кәсіби қызметіне қатысты мәліметтерді бір жерде жинақтауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік тіркеуден өтуді 2027 жылдан бастап ерікті, ал 2030 жылдан бастап міндетті тәртіпте енгізу ұсынылуда. Кейіннен мемлекеттік тіркеуден өтпеген маманның медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуына жол берілмейді.

Бағалау кезең-кезеңімен – алдымен фундаменталдық және клиникалық пәндер, кейін мамандық бойынша жүргізіледі. Ол үшін бірыңғай тесттер мен тапсырмалар базасы, заманауи симуляциялық базалар құрылады. Емтиханнан өте алмаған мамандарға қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі.
Жаңа жүйеге ерікті түрде мерзімінен бұрын қосылған қызметкерлерді ынталандыру да көзделген. Емтиханнан сәтті өтіп, мемлекеттік тізілімге енгізілген жоғары білімді дәрігерлер мен фармацевтика қызметкерлеріне ең төменгі еңбек ақы мөлшерінің 5 есесіне дейін, ал орта буын медицина және фармацевтика қызметкерлеріне 2,5 есесіне дейін үстемеақы төлеу ұсынылды.
Мемлекеттік тіркеу мен мамандардың біліктілігін бағалау жұмыстарын ұйымдастыру үшін арнайы орталықтың қызметін жолға қою көзделуде.
Таныстырылымда медицина және фармацевтика қызметкерлерінің үздіксіз кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері де қаралды.
Қазіргі медицинада диагностика мен емдеу әдістері, дәрілік заттар мен технологиялар жылдам жаңарып отырғандықтан, мамандардың білімі мен практикалық дағдыларын тұрақты түрде жетілдіріп отырудың маңызы атап өтілді.
Осыған орай барлық медицина және фармацевтика қызметкерлерін қамтитын жаңа үздіксіз кәсіби білім беру жүйесі енгізіледі. Білім беру провайдерлері мен бағдарламалары аккредиттеуден өткізіліп, үдерістер цифрландырылады.
Жүйе кредиттік-модульдік қағидатқа негізделеді. Жоғары білімді медицина және фармацевтика қызметкерлері жыл сайын кемінде 50 кредит, ал орта буын медицина және фармацевтика қызметкерлері 28 кредит жинауы тиіс. Бұл кредиттер мемлекеттік тіркеуден өту және кәсіби біліктілікті растау кезінде есепке алынады.
Маманға білім беру провайдерін, бағдарламаны және оқу форматын өз бетінше таңдау құқығы беріледі. Дәстүрлі және қашықтан оқыту, онлайн курстар, жұмыс орнында біліктілікті арттыру, семинарлар мен тренингтер сияқты түрлі оқу формаларын пайдалануға болады.
Халықаралық аккредиттеуден өткен шетелдік бағдарламалар мен іс-шаралар барысында алынған кредиттерді Өзбекстанда тану тетігі де енгізіледі.
Үздіксіз кәсіби даму орталығын құрып, оған білім беру сапасын қамтамасыз ету, провайдерлер мен бағдарламаларды аккредиттеу, заманауи стандарттарды енгізу міндеттерін жүктеу ұсынылды.
Кәсіби білім беру бағдарламаларында халық арасында ең көп таралған және өлім қаупі жоғары ауруларға басымдық беріледі. Кардиология, шұғыл медициналық көмек және онкология бағыттары бойынша жетекші шетелдік серіктестермен бірлесіп заманауи бағдарламалар әзірленеді.
Президент медицина білімі, тәуелсіз бағалау, мемлекеттік тіркеу және үздіксіз кәсіби дамуды өзара байланысты бірыңғай жүйе ретінде қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Жауапты тұлғаларға жаңа тәртіптерді кезең-кезеңімен енгізу, халықаралық стандарттарды кеңінен қолдану және жүргізіліп жатқан өзгерістердің, ең алдымен, медициналық қызмет сапасы мен пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.