Президент көмір өнеркәсібіне нарықтық тетіктерді енгізуді және өндіріс көлемін ұлғайтуды тапсырды
Президент Шавкат Мирзиёев көмір өнеркәсібіне нарықтық тетіктерді енгізу, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысты тұсаукесермен танысты.
Көмір экономика салаларын, жылу электр станцияларын, әлеуметтік мекемелер мен халықты энергиямен қамтамасыз етудегі маңызды ресурстардың бірі саналады. Сондықтан бұл салада тұрақты жеткізілімді қамтамасыз ету, өнім сапасын арттыру, баға ашықтығын қалыптастыру, бәсекелестік ортаны дамыту және экологиялық талаптарды сақтау өзекті мәселеге айналып отыр.

Тәуелсіздіктің алғашқы 25 жылында көмір өндіру көлемі орта есеппен 3,1 миллион тоннадан 4 миллион тоннаға дейін артқан болса, кейінгі тоғыз жылда бұл көрсеткіш 10 миллион тоннаға жеткізілді. Алдағы күз-қыс маусымында көмір өндіру көлемін 11 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.
Қазіргі таңда көмір өндірумен айналысатын жекеменшік кәсіпкерлер саны 18-ге жеткен. 2023–2025 жылдары олар геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтіп, 2,4 миллион тонна көмір өндірді. Бұл бағытқа 117,2 миллион доллар көлемінде жеке инвестиция тартылған. Ангрен және Шарғун көмірлерін араластыру арқылы жылу электр станцияларына 1,5 миллион тонна импортты алмастыратын, жану қуаты жоғары жергілікті көмір жеткізілгені айтылды.

Таныстырылым барысында көмір бағасын қалыптастыруды нарық қағидаттарына көшіру мәселесі де қаралды.
Қолданыстағы әкімшілік баға белгілеу жүйесі өндірушілердің қаржылық тұрақтылығына, жаңа инвестиция тартуына және өндіріс көлемін арттыруына кері әсер етіп отырғаны атап өтілді.
Осыған байланысты 2026 жылдың 1 маусымынан бастап көмір бағасын мемлекет тарапынан белгілеу тәжірибесін тоқтату және көмірді әлеуметтік маңызы бар стратегиялық тауарлар тізімінен шығару ұсынылды. Жаңа жүйеге сәйкес көмір бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасып, тұтынушыларға биржалық сауда арқылы сатылатын болады.
Бұл тәсіл салада ашық бәсекелестік ортасын қалыптастырып, барлық қатысушылар үшін тең жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай өзгерістер өндірушілерді көмір көлемі мен сапасын арттыруға ынталандырып, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді. Жылу электр станциялары мен ірі тұтынушылар көмірді «ұсыныс сұрату тәртібі» арқылы, есепті кезеңдегі орташа биржалық бағамен сатып ала алады.

Халық пен бюджеттік мекемелерді көмірмен тұрақты қамтамасыз ету үшін арнайы жаңа тетік енгізілмек. Енді көмір өндірушілер өнімін биржалық саудадағы арнайы алаң арқылы жеткізуші кәсіпкерлерге сатады. Кәсіпкерлер қойма қоры, техникасы және салық рейтингі секілді талаптар негізінде электронды жүйе арқылы іріктеледі.
Республика бойынша халық пен бюджеттік ұйымдарға жеткізілетін көмір бағасындағы айырмашылықты жою мақсатында теміржол тасымалы бірыңғай тариф негізінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар «Көмірмен қамту» жауапкершілігі шектеулі серіктестің қызметі тоқтатылып, өңірлердегі 96 көмір қоймасы мен техникалар аукцион арқылы сатылымға шығарылады.
Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларды қолдау мәселесіне де ерекше назар аударылды. «Mycoal.uz» порталы арқылы көмір сатып алған әлеуметтік тізілімге енген отбасыларға биыл маусым–желтоқсан айлары аралығында 600 мың сумға дейін бір реттік материалдық көмек беріледі. Бұл шара нарықтық жүйеге көшу кезеңінде мұқтаж отбасыларды атаулы қолдауға бағытталған.
Импорттық көмірдің сапасы мен экологиялық қауіпсіздігіне қатысты да жаңа талаптар енгізіледі. Елімізге әкелінетін көмірдің құрамындағы күкірт мөлшері, калориясы және өзге де көрсеткіштеріне нақты талаптар белгіленеді. Экологиялық және сапалық стандарттарға сай келмейтін көмірді ел аумағында пайдалануға әрі сатуға тыйым салынады. Болашақта көмір импорты тек теміржол арқылы жүзеге асырылатын болады.
Таныстырылым барысында «Нишбаш» көмір кен орнын игеру жөніндегі ірі инвестициялық жоба туралы да ақпарат берілді. Жалпы қоры 233 миллион тонна болатын кен орнының жылдық өндірістік қуаты 10 миллион тоннаға тең. Құны 494 миллион долларды құрайтын жоба аясында 880 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ осы кен орны негізінде жалпы қуаты 1,4 гигаватт болатын жаңа жылу электр станциясын салу ұсынылды. Жобаға сәйкес, 1,3 миллиард доллар инвестиция тартылып, әрқайсысының қуаты 350 мегаватт болатын төрт энергоблок ультра жоғары критикалық технологиялар негізінде бой көтермек.
Құрылыс кезеңінде 1500 адам жұмыспен қамтылып, жоба толық іске қосылғаннан кейін тағы 310 тұрақты жұмыс орны ашылады. Станция жылына орта есеппен 9,8 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіріп, 2 миллиард текше метр табиғи газды үнемдеуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Бұдан бөлек, таныстырылымда тау-кен өнеркәсібіндегі жергіліктендіру мен өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелері де қаралды. Шетелдік инвестициялық жобалардағы жергілікті өнім үлесін арттыру, ірі комбинаттар мен сала кәсіпорындарының қажеттіліктерін біріктіру, ұзақ мерзімді келісімшарттар арқылы отандық өндірушілерді қолдау маңызды екені атап өтілді.
Сарапшылардың бағалауынша, тау-кен өнеркәсібіндегі импортты алмастыру әлеуетін 2,1 миллиард долларға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл ең алдымен техника, қосалқы бөлшектер, химиялық реагенттер мен ірі агрегаттар өндірісін жергіліктендіру есебінен жүзеге асады.
Осыған байланысты 2027–2030 жылдарға арналған тау-кен өнеркәсібін жергіліктендіру стратегиясын әзірлеу тапсырылды.
Мемлекет басшысы ұсыныстарды қолдап, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.