Өзбекстанда зейнетақы қызметтері интерактивті және проактивті форматқа көшіріледі
Өзбекстанда азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру бойынша көрсетілетін қызметтер 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін толықтай интерактивті және проактивті форматқа көшіріледі.
Бұл туралы, «Мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты заманауи қызметтерді енгізу жөніндегі қосымша шаралар туралы» Президент қаулысы (ПҚ-355, 2026 жылғы 28 қыркүйек) қабылданды.
Қаулыға сәйкес, азаматтарға зейнетақымен қамсыздандыру бойынша көрсетілетін қызметтер 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін толықтай интерактивті және проактивті форматқа көшіріледі.
Осыған орай, зейнетақыға қатысты мынадай қызметтер азаматтардың жеке өтінішін талап етпей, проактивті форматта көрсетіледі:
2026 жылғы 1 қарашадан бастап жұмыс көлемінің қысқаруына немесе кәсіпорынның таратылуына байланысты жұмыссыз деп танылған азаматтарға жалпы белгіленген жастан екі жыл бұрын жасына байланысты зейнетақы тағайындау;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап асыраушысынан айырылуына байланысты зейнетақы тағайындау.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап «Менинг пенсиям» (Менің зейнетақым) онлайн қызметі аясында зейнеткерлік жасқа толуына бір жыл қалған азаматтарды алдын ала хабардар ету мүмкіндігі жасалады.
Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Зейнетақы қоры азаматтардан құжаттар мен мәліметтерді қағаз түрінде қабылдау тәжірибесін тоқтатады.
Азаматтардың қалауы бойынша мынадай қызметтер интерактивті форматта көрсетіледі:
2026 жылғы 1 қарашадан бастап еңбек жағдайлары зиянды әрі ауыр жұмыстарда істейтін және жалпы белгіленген зейнеткерлік жасты төмендету арқылы зейнетақы алуға құқығы бар адамдарға жеңілдікті шарттармен зейнетақы тағайындау;
2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Өзбекстан Республикасының «Азаматтарды мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына сәйкес зейнетақының басқа түріне ауыстыру жөнінде өтініш беру;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемін қолма-қол ақша түріне ауыстыру және тоқтатыла тұрған зейнетақы төлемдерін қайта қалпына келтіру.
2026 жылғы 1 қазаннан бастап азаматтық-құқықтық шарттар негізінде жұмыс істейтін адамдар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға белгіленген мөлшерде әлеуметтік салық төлеген жағдайда, оларға бір жылдық еңбек өтілі автоматты түрде есептеледі.
Сондай-ақ 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ресми табысы бар азаматтарға жұмыс істемейтін отбасы мүшелерінің еңбек өтілін есептеу үшін ай сайын еңбекке ақы төлеудің ең төменгі мөлшерінің 12 пайызы көлемінде ерікті түрде әлеуметтік салық төлеу құқығы беріледі.