Өзбекстанда «Google Pay» қызметі іске қосылды
Самарқанд қаласында Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы «C5+1» форматындағы іс-шаралар аясында «Цифрлық технологиялар» тақырыбында панельдік сессия өтті.
Цифрлық технологиялар министрлігінің хабарлауынша, іс-шараның айтулы оқиғасы – «Google Cloud» компаниясының мемлекеттік саясат және мемлекеттік органдармен байланыс бағытының жетекшісі Марцин Красускидің Өзбекстанда «Google Pay» қызметі іске қосылғанын жариялауы болды.
Сессия Орталық Азия мемлекеттері мен АҚШ-тың мемлекеттік органдары өкілдерінің, сондай-ақ жетекші компаниялардың қатысуымен өтетін іскерлік бағдарлама аясында ұйымдастырылды.
«Google Pay» (қысқаша G Pay) – Google компаниясы әзірлеген, смартфон, планшет немесе смарт-сағат арқылы сатып алулар үшін төлем жасауға арналған цифрлық әмиян әрі электрондық төлем жүйесі.
Бұл жүйе пайдаланушыларға банк карталарын телефонға байланыстырып, пластик картасыз төлем жасауға мүмкіндік береді.