Өзбекстан мен Ресейдің ішкі істер органдары арасындағы ынтымақтастық кеңейтіледі
Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрлігі академиясында Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі басқарма бастығы Денис Мартынов бастаған делегациямен кездесу өтті.
Алдымен қонақтар оқу орнының қызметімен жан-ажқты танысты. Ақпараттық-ресурстық орталықты, саптық алаңды, жедел-тергеу топтарына арналған көлік құралдарын, спорт кешенін және басқа да маңызды нысандарды аралау барысында оларға оқу үдерісіне енгізілген озық тәсілдер мен курсанттар және тыңдаушылар үшін жасалған жағдайлар туралы мәлімет берілді.
Келіссөздер залында өткен кездесуде Өзбекстан мен Ресейдің ішкі істер органдары арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі, өзара тәжірибе алмасу және өзара тиімді байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында қылмыстың заманауи түрлері мен әдістеріне қарсы күресте, сондай-ақ сала қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін арттыруда озық тәжірибені қолданудың маңыздылығы атап өтілді.

Сапар аясында академияның профессор-оқытушылар құрамы, курсанттары және ішкі істер органдарының тәжірибелі қызметкерлері үшін есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес тақырыбында оқу сабақтары ұйымдастырылды.
Сабақтарда синтетикалық есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты жаңа қауіп-қатерлер, есірткі қылмыстарын анықтау мен әшкерелеудің озық әдістері, сондай-ақ цифрлық технологиялар арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы күрес мәселелері жан-жақты түсіндірілді.

Атап айтқанда, интернеттегі есірткі дүкендерін анықтап, олардың қызметіне тосқауыл қою, есірткі құралдарының жасырын саудасына қарсы күресу, қылмыстық әрекеттен түскен кірістер мен оларға қатысты қаржы ағындарын бақылау бағыттарындағы Ресей тәжірибесі зерделенді.
Мастер-класс барысында қатысушылар есірткі қылмыстарын әшкерелеу, жедел-тергеу іс-шараларын тиімді ұйымдастыру және заманауи технологияларды пайдалану бойынша білімдері мен дағдыларын жетілдірді.