Мемлекет басшысы Ұлттық дендрология саябағын ұйымдастыруды бастап берді
Президент Шавкат Мирзиёев «Жасыл мекен» жалпыұлттық жобасы аясында ағаш отырғызу шарасына қатысып, Ұлттық дендрология саябағын ұйымдастыруды бастап берді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде халқымызда ежелден Наурыз мерекесі күндері, сондай-ақ сәби дүниеге келгенде немесе маңызды оқиғаларға орай игі ниетпен ағаш отырғызу дәстүрі бар екенін атап өтті.
Осы игі дәстүрлер негізінде соңғы бес жыл бойы «Жасыл мекен» жобасы жүзеге асырылып, жыл сайын 200 миллион түп көшет отырғызылып келеді.

Өткен кезеңде 2 мың гектардан астам аумақта 942 жасыл саябақ пен қоғамдық парк, сондай-ақ 47 «Жаңа Өзбекстан саябақтары» пайда болды. Республикадағы таулы, шөл және қыратты аймақтарда 256 мың гектар орман алқабы құрылды. Арал теңізінің құрғаған табанында 2 миллион гектар аумақта қорғаныш жасыл орман белдеулері пайда болды. Сонымен қатар, жел мен құмды дауылдардың алдын алу мақсатында 33 ауданда ұзындығы 60 шақырым болатын «жасыл белдеу» жасалды.

Өткен жылы бірқатар аудандарда заманауи көшет өсіру орталықтары іске қосылып, жылына 5,5 миллион түп сәндік ағаш өсіруге мүмкіндік берілді. Сондай-ақ, Қытай тәжірибесіне сүйене отырып, биыл алғаш рет бірқатар аудандарда су тапшылығына төзімді галофит бақтары құрылды. Бұл жерде өсірілген тұқымдар болашақта мыңдаған гектар жердің тұздануын азайтып, топырақ құнарлылығын арттыруға ықпал етеді.
Жалпы алғанда, қысқа уақыт ішінде республикадағы жасыл аймақ үлесі 8 пайыздан 14,2 пайызға дейін артты. Өткен аптада Мемлекет басшысы қол қойған жаңа жарлыққа сәйкес, 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізу және жан басына шаққандағы жасыл аумақ көлемін 10 шаршы метрге дейін ұлғайту қажет.

Осыған орай Сұрхандарияда 10 мың гектар аумақта «жасыл мекен», Сырдарияда 84 шақырымдық «жасыл қабырға» салынады. Қарақалпақстанда 1 миллион гектар, ал Науаи мен Бұхарада 300 мың гектардан, Хорезмде 85 мың гектар шөлді аумақта жаңа орман алқаптары жасалады. Сонымен қатар, әрбір өңірде кемінде 100 гектар аумақта ботаникалық және дендрологиялық саябақтар мен 20-дан астам көлеңкелі серуен жолдары ұйымдастырылады.
Экология мен халық денсаулығы өзекті мәселеге айналған қазіргі кезеңде, жергілікті жағдайға бейім ағаш түрлерін дұрыс таңдау маңызды екені айтылды.

Биылдан бастап әр өңірде «жасыл» техникумдар ашылып, дуалды білім беру жүйесі негізінде жылына 10 мың маман даярлау жоспарланып отыр. Бұл оқу орындары ботаникалық және дендрологиялық бақтармен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы халықты көгалдандыру ісіне кеңінен тартуды ұсынды. Бұрын «Менің бағым» бағдарламасы аясында әр жобаға 250 миллион сумға дейін қаржы бөлінсе, енді бұл сома 400 миллион сумға дейін ұлғайтылады. Әрбір жасыл саябақ пен қоғамдық парк үшін тұрғындар өздері таңдаған, су көзі бар аумақтан 1 гектарға дейін жер бөлінеді. Сонымен қатар, әр депутатқа өз округінде жасыл аймақ құру үшін 412 миллион сумнан қаражат беріледі.

Мемлекет басшысы халық арасындағы көп айтылатын «Жақсыдан бау қалады», «Бір ағаш – мың ырыс», «Перзентті болсаң – той жаса, ағаш отырғыз» деген нақыл сөздердің мәні зор екенін атап өтті. Осындай ұлттық құндылықтардың маңызы қашанда маңызды екені айтылды.

Осыған байланысты Президент ауыл әкімдерін, ата-аналарды, қыз-келіншектер өкілдерін және барлық белсенді азаматтарды жергілікті деңгейде ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды кеңінен насихаттауға, клубтар мен топтар ұйымдастырып, әрбір көшеге, үйдің ауласына, жол бойына көшеттер мен гүлдер, қыраттарға ағаштар мен бұталарды отырғызуда бастамашы болуға шақырды.

Ташкент қаласындағы 108 гектар аумақта Ұлттық дендрология саябағы пайда болуда. Мұнда «жасыл» университет аумағында «ғылым – жоба – тәжірибе» қағидаты бойынша «ин витро» зертханасы, дәрілік өсімдіктер және тұқым шаруашылығы мен селекция орталықтары іске қосылады.

Мемлекет басшысы шараға қатысқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Ормандар жөніндегі форумы төрағасы Исмаил Белен, форум Хатшылығының директоры Жульет Биао, шет мемлекеттердің Өзбекстандағы дипломатиялық корпус өкілдеріне және барлық қатысушыларға алғыс білдірілді.

Атаулы шара соңында Президент Шавкат Мирзиёев қатысушылармен бірге дендрология саябағының алғашқы 5 гектар аумағына сәндік көшеттер отырғызды. Сонымен қатар, елдің барлық өңірлерінде бір мезгілде 21 мыңға жуық азамат 164 гектар аумаққа 88 мың түп көшет екті.