МАГАТЭ Сирияда ядролық реактор болғанын растады
МАГАТЭ 2007 жылы Израильдің әуе шабуылы салдарынан қираған Сириядағы Әл-Кибар нысанының шын мәнінде ядролық реактор болғанын растады. Ұйым инспекторлары бұл аумақта реакторға тән салқындату жүйесінің болғанын анықтаған.
МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Гросси бұған дейін белгісіз болған нысанға өзі барды. Кешенге қатысты жүргізілген тексеру барысында шамамен 73 тонна табиғи уран анықталды. Оның ішінде 55 тоннасы отын өзектері түрінде болған. Аталған ядролық материалдардың барлығы қазіргі уақытта МАГАТЭ-нің бақылауы мен қадағалауында.
Сонымен қатар, ұйымның Сирияның жаңа билігімен ынтымақтастық орнатқаны және мамандарына қажетті нысандарда жұмыс істеуге рұқсат берілгені атап өтілді. Тексеру нәтижесінде Сирияның ядролық қызметіне қатысты бұрыннан шешілмей келген мәселелердің реттелгені жарияланды.