Италияның 27 қаласында алғаш рет ең жоғары деңгейдегі ыстық туралы ескерту жарияланды
Италияда 5 тамыз күні жаз маусымындағы төртінші аптап ыстық толқынының күшеюіне байланысты елдің барлық 27 ірі қаласында ең жоғары – қызыл деңгейдегі ыстық туралы ескерту жарияланды.
The Guardian басылымының хабарлауынша, қызыл деңгейдегі ескерту ұзақ уақыт сақталатын аптап ыстықтың салдарынан халық денсаулығына елеулі қауіп төнетінін білдіреді. 5 тамызда мұндай ескерту 25 қалада жарияланса, 6 тамызда тағы екі қала осы тізімге қосылды.
Осылайша, биыл алғаш рет Италия Денсаулық сақтау министрлігі бақылауындағы барлық 27 қалада ең жоғары деңгейдегі ыстық туралы ескерту күшіне енді. Атап айтқанда, Турин, Больцано, Милан, Генуя, Венеция, Верона, Триест, Болонья, Флоренция, Перуджа, Рим, Неаполь, Анкона, Пескара, Бари, Кампобассо, Реджо-Калабрия, Палермо, Кальяри, Катания, Мессина, Брешиа, Чивитавеккья және басқа қалаларда қызыл деңгейдегі ескерту жарияланған.
Кейбір өңірлерде ауа температурасы 40 градусқа жуықтағандықтан, тұрғындарға сағат 11:00 мен 18:00 аралығында күн астында ұзақ жүрмеу, мүмкіндігінше салқын жерде болу және тәулігіне кемінде 1,5 литр су ішу ұсынылған. Сондай-ақ газдалған сусындардан, кофе мен алкогольден бас тарту, ауыр тағам тұтынбау, балалар мен үй жануарларын көлікте қараусыз қалдырмау жөнінде ескерту жасалған.