Индонезияда шахтаны су басып, 13 адам қаза тапты
Индонезияның Батыс Ява провинциясындағы су басқан шахтадан бейсенбі күні 13 кеншінің мәйіті табылды. Тағы 13 адам әлі күнге дейін жер астында қалып, хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.
Синхуа мәліметінше, сәрсенбі күні таңертеңнен бастап құтқару топтары тереңдігі шамамен 100 метр болатын шахтадағы суды сорып шығаруға кіріскен. Алайда су деңгейінің жоғары болуы, өткелдердің тарлығы, жердің тайғақтығы мен жарықтың жеткіліксіздігі құтқару жұмыстарына кедергі келтіріп отыр.
Билік өкілдері хабар-ошарсыз кеткен 13 кеншіні іздеуді жалғастырып жатыр. Бұл ретте құтқарушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілген.
Джакарта астанасының оңтүстігіндегі таулы аймақта орналасқан шахтаны тасқын су басқанға дейін 11 кенші сыртқа шығып үлгерген.