Грузия премьер-министрі Тәжікстанға ресми сапармен барды
Ираклий Кобахидзе бастаған Грузия делегациясы Тәжікстанға ресми сапармен келді.
Көрші елге алғаш рет келген Грузия үкіметінің басшысы тәжік әріптесімен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Кездесу барысында тараптар түрлі салалардағы ынтымақтастыққа қатысты 11 құжатқа қол қойды.
Екі мемлекет экономика және сауда, көлік және логистика, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет және туризм бағыттарындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға уағдаласты.
Сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құру туралы келісімге және Тәжікстан мен Грузияның сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық жөніндегі хаттамаға қол қойылды.
Тараптар қол жеткізілген келісімдер екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтеріп, өзара сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге серпін беретінін атап өтті.