Франция аптап ыстыққа байланысты төтенше жоспарды іске қосты
Франция үкіметі аптап ыстықтың күшеюіне байланысты ел тарихында алғаш рет «Orsec» ұлттық төтенше әрекет ету жоспарының «аса жоғары температура» режимін іске қосты.
«Orsec» бұл табиғи апаттар мен ірі төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын ұлттық жедел әрекет ету жүйесі. Бұл жолы ол рекордтық ыстыққа байланысты белсендірілді.
Мәліметке сәйкес, қауіптің «қызыл» деңгейі жарияланған тоғыз өңірде аталған жоспар күшіне енді. Сонымен қатар елдің тағы 72 өңірінде «қызғылт сары» ескерту деңгейі енгізілді. Францияның Ұлттық метеорологиялық қызметінің хабарлауынша, сенбі күнінен бастап «қызыл» қауіп деңгейі тағы 24 өңірге таратылады.
Аптап ыстық салдарынан елде орман өрттері де күрт көбейген. Жыл басынан бері 8 мыңнан астам өрт тіркеліп, олардың салдарынан 25 мың гектардан астам аумақ күлге айналды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткіш.
Халықты қорғау мақсатында билік қарттар мен баспанасыз адамдарға арналған арнайы салқындату орталықтарын ашуды бастады. Сондай-ақ елдегі ауруханаларға орнату жоспарланған 30 мың кондиционердің алғашқы 6 мыңы пайдалануға берілді.
Экологтар климаттың өзгеруіне байланысты экстремалды ыстық толқындары жиілеп бара жатқанын айтып, қазіргі қабылданып жатқан шаралар мұндай қауіп-қатердің алдын алу үшін жеткіліксіз екенін ескертуде.