АҚШ-та ұшақ апатынан 12 адам қаза тапты
АҚШ-тың Миссури штатында орналасқан Skydive Kansas City компаниясына тиесілі жеңіл Pacific Aerospace P750 ұшағы апатқа ұшырап, 12 адам көз жұмды.
ABC News арнасының хабарлауынша, қайғылы оқиға Батлер әуежайының маңында орын алып, ұшқыш пен 11 парашютші қаза болған.
Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай апатқа ұшырап, әуежай аумағына жақын жердегі егістік алқапқа құлаған. Оқиғаның мән-жайын АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі мен Федералдық авиация басқармасы анықтап жатыр.
Skydive Kansas City компаниясы бұл апатты парашют спорты қауымдастығы үшін «ауыр қаза» деп атап, қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Компания тергеу жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеді.