Әндіжан халықаралық әуежайы жаңарып, мүмкіндіктері кеңейіп келеді
Әндіжан халықаралық әуежайы заманауи келбетке ие болып, оның мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Президент Шавкат Мирзиёевтің облысқа сапары осы нысанда атқарылып жатқан құрылыс және жаңғырту жұмыстарымен танысудан басталды.
Мемлекет басшысы бұдан үш жыл бұрын өңірге жасаған сапары барысында әуежайды жаңғырту жөнінде бірқатар тапсырма берген еді. Өткен жылғы сапары кезінде де реконструкция жұмыстарының барысын жеке өзі көріп шыққан.

Әуежай 1978 жылы іске қосылып, 2013 жылы халықаралық мәртебеге ие болды. Жалпы аумағы 243,4 гектар болатын нысанда 100 адам еңбек етеді. Уақыт өте келе әуе айлағын заман талабына сай жаңарту, жолаушыларға жасалатын жағдайды жақсарту және әуе қатынастарының географиясын кеңейту қажеттілігі туындады.

Әуежай аэродромы кешенін реконструкциялау жобасының жалпы құны 1,1 триллион сумды құрайды. Бірінші кезеңде әуежай инфрақұрылымы түбегейлі жаңартылды. Ұшу-қону жолағы 3,3 шақырымға дейін ұзартылып, ені 60 метр болатын жаңа 4Е санатындағы жолақ салынды. Сонымен қатар 10 әуе кемесіне арналған тұрақ орындары мен рульдеу жолдары бой көтерді.

Құрылыс сапасы мен нысанның ұзақ уақыт қызмет етуіне ерекше мән берілді. Ұшу-қону жолағына 50 жылға дейін қызмет етуге арналған берік цемент-бетон жабынды төселді. Германияда өндірілген жоғары дәлдіктегі жарықтандыру және сигнал беру жүйесі орнатылды. Бұл әуежайға түнгі уақытта және қою тұман жағдайында да әуе кемелерін қауіпсіз қабылдауға мүмкіндік береді. Көріну қашықтығы 300 метрге дейін төмендеген кезде де ұшақтарды қабылдауға болады. Енді әуежай кең фюзеляжды ірі әуе кемелерін ешқандай шектеусіз қабылдай алады.

Қазір реконструкцияның екінші кезеңі жалғасуда. Оның аясында жалпы аумағы 19 мың 685 шаршы метр болатын екі қабатты заманауи терминал ғимараты салынып жатыр. Бұған дейін әуежай сағатына 200 жолаушыға қызмет көрсетсе, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш бес есеге артады. Әуежай аумағында жоғары жылдамдықты сымсыз интернет желісі мен ақылды қызметтер енгізіледі.

Мемлекет басшысына әуежайды дамыту тұжырымдамасы таныстырылды. Президент заманауи терминал ғимаратын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау жөнінде жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.

Қазіргі таңда Әндіжан халықаралық әуежайы арқылы ішкі және халықаралық бағыттарда жеті әуе компаниясының тұрақты рейстері жолға қойылған. Алдағы уақытта жылдық әуе рейстерінің санын 808-ден 2 мың 500-ге дейін жеткізу, жолаушыларға қызмет көрсету мүмкіндігін жылына 3,5 миллион адамға дейін арттыру жоспарланған.
Атқарылып жатқан жұмыстар Әндіжан тұрғындары мен облыс қонақтары үшін көлік қатынасын жақсартып, өңірдің экономикалық және туристік әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Әуежай маңында заманауи қызмет көрсету нысандарын дамыту және қызмет сапасын арттыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.