Өзбекстанда такси қызметіне сұраныс артып келеді
2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында Өзбекстанда жеңіл көлікті такси нарығы айтарлықтай өсім көрсетті.
Салық комитетінің мәліметіне сәйкес, сегіз ай ішінде 242 такси агрегаторы арқылы жолаушылар тасымалы бойынша жалпы 329 миллион қызмет көрсетілген. Ал, жалпы айналым 7,2 триллион сумды құрады.
Сондағы бір қызметтің орташа құны 21 785,5 сум болған. Оның ішінде қолма-қол төлемдер 63,1 пайызды немесе 4,5 триллион сумды, ал қолма-қол ақшасыз төлемдер 36,9 пайызды немесе 2,6 триллион сумды құраған.
2025 жылы қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 29,8 пайызға жетті. Яғни биыл карталар мен мобильді қосымшалар арқылы төлем жасау үлесі артып келеді.
Агрегаторлар бюджетке 149,2 миллиард сум салық төлеген. Оның 46,8 миллиард сумы қосылған құн салығына тиесілі. Қазіргі таңда бұл салада 481,1 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған жүргізуші қызмет атқарып жүр.
7,9 мың жүргізуші сегіз айда 100 миллион сумнан астам табыс тапқан болса, 31,5 мың такси қызметін ұсынған автокөлік иесі 50–100 миллион сум табыс тапқандар қатарында.
Сегіз айда табыс тапқан жүргізушілер қатары төмендегідей:
124,4 мың жүргізуші 10–50 миллион сум табыс тапқан
59,9 мың жүргізуші 5–10 миллион сум табыс тапқан
123,6 мың жүргізуші 1–5 миллион сум табыс тапқан
133,7 мың жүргізуші 1 миллион сумға дейін табыс тапқан.
Еуропалық және жергілікті автокөлік арасында Chevrolet Cobalt (27 пайыз), Nexia (19,3 пайыз) және Lacetti (16,1 пайыз) ең көп қолданылатын көлік модельдері болып отыр. Сонымен қатар электромобильдердің үлесі өткен жылғы 1,9 пайыздан 2,5 пайызға дейін өскен.
Такси қызметін ұсынған автомобильдердің 37,1 пайызы 3 жылдан 5 жылға дейін пайдаланылған көліктер болса, 29,2 пайызы 10 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді.
Осы көрсеткіштер Өзбекстанда такси қызметі нарығының қарқынды дамып, халық арасында цифрлық төлемдер мен агрегаторлық қызметтердің кеңінен таралып келе жатқанын көрсетеді.